KZ
RU KZ

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғайтын жаңа жүйе енгізіледі

«Әділет» партиясы агрессор жәбірленушіге қауіпті қашықтыққа жақындаған жағдайда полицияға автоматты түрде хабар беретін «Электрондық қорғаныс аймағын» құруды ұсынды.

Жаңа жүйе
Жаңа жүйе ЖИ көмегімен жасалған

Ішкі істер министрлігі аталған механизмнің техникалық сынақтан өткізіліп жатқанын және оны енгізу үшін алты пилоттық өңір белгіленгенін хабарлады.

21 қазанда жарияланған депутаттық сауалға қоғамда резонанс тудырған тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары себеп болған. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы қыз көптеген пышақ жарақатынан көз жұмса, 23 қыркүйекте Астанада бұрынғы күйеуі екі баланың анасын өлтірген.

Депутаттардың пікірінше, қорғау механизмдері зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін ғана іске қосылмай, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге мүмкіндік беруі тиіс.

«Электрондық дабыл өздігінен адамды қорғай алмайды. Сондықтан пилоттық жобамен қатар ішкі істер органдары қауіпті жақындау туралы дабылға әрекет ететін нақты алгоритм әзірлеуі қажет», — деді Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова.

Депутаттар Франция тәжірибесін мысалға келтірді. Бұл елде агрессордың жәбірленушіге жақындауына тыйым салатын электрондық білезік қолданылады. Жүйе жәбірленуші мен агрессор орналасқан жерді бір мезгілде анықтап, белгіленген арақашықтық бұзылған жағдайда автоматты түрде дабыл береді.

Осылай жәбірленушінің полицияға өзі қоңырау шалуы қажет емес.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ресми жауабында ведомствоның әзірлеушілермен бірлесіп аталған механизмді техникалық сынақтан өткізіп жатқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта 20 метрге дейінгі қауіпсіз арақашықтықтың бұзылуын анықтау, автоматты түрде дабыл қалыптастыру және оны полицияның жедел басқару орталығына жеткізу тетіктері пысықталуда.

Пилоттық жоба алты өңірде жүзеге асырылады:

  • Шымкент қаласы;
  • Ақмола облысы;
  • Алматы облысы;
  • Маңғыстау облысы;
  • Түркістан облысы;
  • Жетісу облысы.

«Пилоттық жоба аясында қауіпті жақындау туралы дабылды автоматты түрде тіркеу, оны жедел басқару орталығына жеткізу, жақын маңдағы полиция жасағын жіберу, жәбірленуші қауіпсіздігін қамтамасыз ету, белгіленген шектеулердің сақталуын тексеру және қабылданған шараларды цифрлық форматта тіркеуді көздейтін бірыңғай әрекет ету алгоритмін пысықтау жоспарланып отыр» деп жазылған министр жауабында.

ІІМ электрондық бақылау құралдарын қолданудың техникалық негізі қалыптасқанын растады.

Қолданыстағы «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң профилактикалық есепте тұрған, оның ішінде өздеріне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған немесе мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамдарды электрондық құралдар арқылы бақылауға мүмкіндік береді.

Қазір Қазақстанда GPS және GSM модульдерімен жабдықталған 2 851 электрондық білезік қолданылады. Бақылау платформасындағы орналасқан жер туралы деректер екі минуттан аспайтын аралықта жаңартылады.

Пилоттық жобаның жүзеге асырылуы депутаттардың бақылауында болады. Алдағы уақытта осы саладағы құқық қолдану мәселелері Құрылтай алаңында талқыланбақ.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.