Жастардың өмірін қиюда: депутат энергетикалық сусынға толық тыйым салуды ұсынды
Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, елге әкелуге және сатуға толық тыйым салу мәселесі көтерілді.
Құрылтай депутаты Мақсұт Насибуловтың пікірінше, қазір қолданыстағы жас шектеуі мен акциздер халықтың денсаулығын қорғауға жеткіліксіз. Себебі энергетикалық сусындардың сатылымы жыл сайын артып келеді.
Депутат бұл мәселені премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында көтерді. Ол Үкіметтен энергетикалық сусын айналымына қатысты мемлекеттік бақылауды күшейтуді және оларды тұтынудың денсаулыққа әсерін жан-жақты зерттеуді сұрады.
Қазақстанның Энергетикалық сусын өндірушілер мен импорттаушылар қауымдастығының дерегіне сәйкес, 2023 жылы елімізде 215 миллион литр энергетикалық сусын сатылған. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 миллион литрге жеткен. Осылай екі жыл ішінде сатылым көлемі 65 пайызға өскен.
Халықаралық Statista сарапшыларының бағалауынша, 2025 жылы Қазақстандағы энергетикалық сусындар нарығының ақшалай көлемі 93 миллион долларға жеткен.
Мақсұт Насибулов энергетикалық сусындарға қарапайым шырын немесе компот ретінде қарауға болмайтынын айтты.
«Энергетикалық сусындарға жай ғана жеміс шырыны немесе компот сияқты қарауға болмайды. Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі агенттігінің мәліметінше, тәулігіне 100 миллиграмм кофеиннің өзі ұйқының бұзылуына әкелуі мүмкін. Ал кофеинге қанттың жоғары мөлшері мен басқа да сергітетін компоненттерді қоссаңыз, баяу әсер ететін бомбаға айналады», — деді депутат.
Қазақстанда энергетикалық сусындарға қандай шектеулер бар?
Қазір елімізде энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. Бұл талап 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Сондай-ақ оларды сатушының тікелей қатысуынсыз сауда автоматтары мен өзге де электрондық немесе механикалық құрылғылар арқылы сатуға болмайды.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындарға акциз енгізілді. Оның мөлшері бір литрге 100 теңге. 2027 жылы бұл мөлшерді 140 теңгеге дейін арттыру жоспарланған.
Алайда депутаттың айтуынша, аталған шараларға қарамастан, сусындардың сатылымы азаймаған. Сондықтан ол Үкіметтен бірнеше мәселені қарастыруды сұрады. Атап айтқанда:
-
21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сату деректерін тексеру;
-
интернет-дүкендер мен жеткізу қызметі арқылы сатылымға бақылауды күшейту;
-
сусындардың нақты құрамын, кофеин мен басқа да ынталандырушы заттардың мөлшерін зерттеу;
-
энергетикалық сусындардың денсаулыққа әсеріне қатысты ауқымды ғылыми зерттеу жүргізу;
-
бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі жарнамаға талапты күшейту;
-
халықаралық тәжірибені зерделеп, өндіру, импорттау және сатуға толық тыйым салуға дейінгі шараларды қарастыру.
Депутат бұл мәселенің өзектілігін Қазақстанда тіркелген денсаулыққа қатысты бірқатар жағдаймен де байланыстырды. Оның айтуынша, 2025 жылғы маусымда Павлодарда 20 жастағы жігіт ауыр жүрек жеткіліксіздігімен жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлердің мәліметінше, ол шамамен екі жыл бойы күніне төрт банкаға дейін энергетикалық сусын ішкен.
Сондай-ақ 2025 жылғы желтоқсанда Алматыда 34 жастағы науқасқа жүрек трансплантациясы жасалғаны хабарланған. БАҚ мәліметінше, ол күніне 8–10 банка энергетикалық сусын тұтынған. Дегенмен бұл жағдайларда аурудың тікелей себебі энергетикалық сусындар болғаны медициналық тұрғыдан дәлелденгені туралы ақпарат жоқ.
Айта кетейік, энергетикалық сусындарға толық тыйым салу мәселесі бұған дейін де көтерілген. 2026 жылғы 18 қарашада «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі мұндай сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта елге әкелуге және сатуға толық тыйым салуды талап етіп, петиция жариялаған.
Энергетикалық сусындарға толық тыйым салына ма?
Әзірге Қазақстанда энергетикалық сусын өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салу туралы шешім қабылданған жоқ. Қазір бұл депутаттар Үкіметтің қарауына ұсынған бастама. Оның жүзеге асуы үшін халықаралық тәжірибе зерттеліп, ғылыми қорытындылар мен экономикалық салдары ескерілуі қажет.
Мәселе бойынша Үкіметтің жауабы мен алдағы уақытта қабылданатын шешім энергетикалық сусын нарығына қойылатын талаптардың қаншалықты өзгеретінін айқындайды.


