ҚазҰУ-да тағы да төтенше жағдай ма? Полиция зардап шеккен студент қыз туралы мәлімдеді
Университет қабырғасында тағы бір оқыс оқиға болды. Соңғы бірнеше аптада екі студенттің қазасынан кейін жоғары оқу орны қоғам назарынан түспей отыр.
Бүгін студент қыздың өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы ақпарат тарады. Қыз өзіне дене жарақатын келтірген, оған медициналық көмек көрсетілді.
Бұған дейін ҚазҰУ баспасөз қызметі бұл ақпаратты жалған деп атаған еді. Алайда полиция редакциямызға оқиғаның болғанын растады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын келтіру дерегі тіркелді. Оған медициналық көмек көрсетілді».
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, 6 қарашада университеттің студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапқан болатын. Ол Шымкенттен оқуға келген.
Ал 16 қарашаға қараған түні осы университеттің жатақханасында тағы бір бірінші курс студенті көз жұмды.
ZTB редакциясы марқұмның туыстарымен байланысқа шықты. Олардың айтуынша, бастапқыда отбасы мүшелеріне оқиғаның мүлде басқа нұсқасы айтылған. Тек кейінірек олар бірінші курс студенттерінің соққыға жығылғаны туралы ақпаратты білген.
Осы қайғылы оқиғадан кейін университеттің проректоры мен деканы қызметтен кетті. Сондай-ақ жоғары оқу орнының басшылығы қайғылы жағдай болған күні жатақханада кезекшілік атқарған қызметкерлерді жұмыстан шеттетті.