БАҚ: Украинадағы соғыста қаза болған ресейліктердің саны 720 мыңнан асты
Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаннан бері 2026 жылдың қыркүйек айының соңына дейін кемінде 490 мың ресейлік әскери қызметкер қаза тапқан.
Ресейдің «Росстат» мекемесінен тараған деректерді зерттеген журналистер осындай қорытындыға келді.
Ал хабар-ошарсыз кеткендерді қоса есептегенде, 2026 жылдың күзіне қарай Ресейдің адам шығыны шамамен 720 мыңға жетуі немесе одан да көп болуы мүмкін. Мұндай мәліметті «Медуза» және «Медиазона» басылымдары жариялады.
«Росстаттың» деректерін журналистерге «Беларусь киберпартизандары» және Silent Crow хакерлік топтары ұсынған. Олар 1 қарашада «Росстаттың» деректер базасын бұзып кіргенін мәлімдеген.
Журналистер екі деректер қорын өңдеп, қайталанған жазбаларды алып тастап, түзетілген құжаттарды біріктірген. Нәтижесінде 2021 жылдың басынан 2026 жылдың қыркүйек айының соңына дейінгі өлім-жітім туралы 11 миллион 660 мыңға жуық бірегей жазба қалған. Бұл деректерге барлық қайтыс болған азаматтар енгізілгендіктен, журналистер соғыста қаза тапқан әскери қызметкерлер туралы мәліметтерді бөлек іріктеген.
Деректердің шынайылығы қалай тексерілді?
Журналистер деректер қорының түпнұсқалығын мұрағаттық істердің тізімі, сот шешімдері, азаматтық хал актілерін тіркеу жүйесінен бұған дейін тараған мәліметтер және «Росстаттың» ашық статистикасы арқылы тексерген.
Архивтерден «Медиазона», BBC-дің Орыс қызметі және еріктілер бірлесіп жүргізетін қаза тапқан әскери қызметкерлердің атаулы тізіміндегі сарбаздардың 95,1 пайызы туралы жазбалар табылған.
Қай өңірлерде адам шығыны көп?
Ресей халқының санына шаққанда, соғыста ең көп адам шығыны Қиыр Шығыс пен Сібір өңірлерінде тіркелген.
«Важные истории» басылымының есебіне сәйкес, әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда:
-
Еврей автономиялық облысында — шамамен 1000 адам;
-
Забайкалье өлкесінде — 800-ге жуық адам;
-
Чукоткада — 760 адам;
-
Тывада — 650 адам;
-
Мәскеуде — 63 адам қаза тапқан.
Аталған көрсеткіштер журналистік зерттеу нәтижесінде алынған. Ал 720 мың адам туралы болжамға қаза тапқандармен қатар хабар-ошарсыз кеткендер де кіреді.

