KZ
RU KZ

Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға 6,5 трлн теңге бағытталады

Бүгін Үкімет отырысы өтіп жатыр. Жоспар аясында «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бекітіледі, деп хабарлайды ZTB.

Серік Жұманғарин
Серік Жұманғарин Фото: Ақорда

Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын ұсынды. Құжат 12 бағыт бойынша 96 іс-шараны қамтиды. 

Жоспар аясында «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бекітіледі. Оны жүзеге асыру кезінде отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын пайдалану жоспарлануда. 

«Негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінетін болады. Жұмыстар сапасын бақылау қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ ТКШ-ні жаңғырту, тұрғын үй құрылысын жалғастыру, елді мекендерді ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету көзделген»,


— деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымын кеңейту жоспарлануда. 2027 жылдың мамыр айында Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайларды пайдалануға беру жоспарланған. Тағы бір жоба  Астанада жаңа әуежай салу. Жұмысты келесі жылдың маусым айында бастау жоспарлануда.

2027 жылдың соңына дейін «Бақты — Аягөз» теміржол желісінің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Автомобиль көлігі саласында заманауи жол бойы инфрақұрылымын жайластыра отырып, «Арал — Каспий» және «Көкшетау — Петропавл» трассаларын қоса алғанда, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу және реконструкциялау жалғасады. Соңғы кезең барлық автомобиль өткізу пункттерін толық реконструкциялау, сондай-ақ интеллектуалды көлік жүйесін енгізе отырып, жүк тасымалын электрондық құжаттарға ауыстыру болмақ.

Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінді ұзақмерзімді қаржыландыру және су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізіледі
 
Агроөнеркәсіп кешенін және су ресурстарын жетілдіру саласында мал шаруашылығы, өнімді қайта өңдеу және сақтау бағдарламаларын ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін қолдау жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. 

«Келесі жылдан бастап барлық ауыл шаруашылық өндірушілердің агрологистикалық орталықтардың инфрақұрылымына тең қол жеткізуі қамтамасыз ету жоспарланған. Су ресурстарын басқару бөлігінде 2027 жылдың наурызында Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру аяқталады»,


— деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Қазақстанда инвестициялық саясат қайта қаралады және орта кәсіпкерлікті қолдау күшейеді
 
Үкімет қолданыстағы инвестициялық саясатты қайта қарайды. Орталықтандырылған және цифрлық басқаруды енгізу, мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы функциялардың қайталануын болдырмау, сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету көзделеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.

«Шағын және орта бизнесті дамыту саласында ағымдағы жылдың соңына дейін Орта кәсіпкерлікті дамыту жоспары бекітіледі. Құжат кәсіпорындарды ұзақмерзімді жеңілдетілген қаржыландыруды және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қарастырады»,


— деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар бақылау жүйесін қайта жүктеу және реттеудің цифрлық моделіне көшу үшін үзіліс ретінде микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің мақсатқа сәйкестігі туралы шешім қабылданады.

Қазақстанда атаулы әлеуметтік қолдау тәсілдері қайта қаралып, мұғалімдерге жүктеме азаяды
 
Ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін арттыру, атаулы әлеуметтік қолдау тәсілдерін өзгерту және педагогтерге есепті жүктемені қысқарту Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасында көзделген. Үкімет отырысында аталған құжатты Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.

Ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ, еңбек өтілі мен жүктемесін ескере отырып, сараланған қосымша ақылар есебінен алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің учаскелік мамандарының жалақысын арттыру көзделген.

«Жыл соңына дейін отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа цифрлық тәсілдерін пилоттық сынақтан өткізу аяқталады. Қажеттілік қағидатын енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталады»,


— деді Серік Жұманғарин.

Білім беру саласында да өзгерістер қарастырылған. 2027 жылдың соңына дейін балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтау мәселесін пысықтау жоспарлануда. Бұдан басқа, Үкімет педагогтерге, оның ішінде цифрлық платформалар мен ақпараттық жүйелердегі есептер санын азайту есебінен артық есеп беру жүктемесін қысқартуға ниетті.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.