Тұрғын үй құрылысын аяқтауға бөлінген 211 миллион теңгені жымқырған директор сотталды
Көкшетау қалалық соты «М.» ЖШС директорының үстінен қозғалған қылмыстық істі қарады. Ол бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде бірнеше рет жымқырған.
Оған ресми құжаттарды қолдан жасады және жалған құжаттарды пайдаланды деген айып тағылған.
Сот анықтағандай, 2021 жылдың желтоқсанында «М.» Көкшетау қаласының құрылыс бөлімімен екі тұрғын үй құрылысын аяқтау бойынша мемлекеттік сатып алу шартын жасасқан. Келісімшарт бағасы 618 миллион және 634 миллион теңге болған. Пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға арналған.
2022 жылдың мамырында «М.» нысандардың біріне бөлінген 55 миллион теңгені алғанымен, құрылыс жұмыстарын бастамаған.
Сол кезеңде ол екінші нысан бойынша жалған құжат негізінде 225 миллион теңге аванс алған. ЖШС құрылыс жұмыстарын тек ішінара орындап, атқарылған жұмыс актілерін ұсынған. Алайда игерілмеген аванс сомасы 156 миллион теңге болған.
2023 жылы «М.» аванс төлемдерін көбейту үшін құрылыс бөліміне жалған құжаттар ұсынып, қосымша қаражат алған.
2023 жылдың шілдесінен бастап ол екінші нысандағы жұмысты тоқтатқан. Ал алынған ақшаны ЖШС қарыздарын өтеуге және жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Атап айтқанда, қаражаттың бір бөлігін Ақтау қаласындағы басқа міндеттемелері бойынша контрагенттер алдындағы қарыздарын өтеуге аударып, қалған бөлігін банкомат арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, бюджет қаражатын жымқырған.
Мемлекетке, яғни құрылыс бөліміне, жалпы 211 миллион теңге материалдық залал келтірілген.
Азаматтық талап арыз берілмеген. Себебі авансты өндіріп алу және ЖШС-ін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сот шешімі қабылданған.
«М.-ның» кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтары, беттестіру нәтижелері, аудиторлық есеп, ақша қозғалысы туралы құжаттар, құрылыс нысандары жағдайына қатысты материалдар, аванс ақшасын өндіріп алу туралы сот шешімдері, сарапшылар мен мамандардың қорытындылары, сақтандыру компаниясы мен Мемлекеттік кредиттік бюроның жауаптары және басқа да іс материалдары арқылы дәлелденген.
Сот үкімімен «М.» Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған барлық меншік нысанындағы ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға 8 жыл мерзімге тыйым салынды.
Ал Қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылғанымен, қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің ескіруіне байланысты жауаптылықтан босатылды. Осы баптың 1-бөлігі бойынша қылмысы дәлелденбегендіктен ақталды.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

