KZ
RU KZ

Ақтаудағы балалар хирургіне жасалған шабуыл

Ақтау қаласындағы облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекшілік кезінде балалар хирургі әрі онколог дәрігерге шабуыл жасалды, деп хабарлайды ZTB.KZ.

Ақтаудағы балалар хирургіне шабуыл
Ақтаудағы балалар хирургіне шабуыл Бейнеден кадр

Оқиғаның видеосын жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев  әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Видеода жанжалдың басталған сәті түсірілген. Оған не себеп болғанын білмеймін… Шабуыл жасаған басбұзар заң аясында барынша қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма, жоқ па?»  деген сұрақ қойды блогер бейнежазба астындағы пікірінде.

Сонымен қатар ол дәрігерге күш көрсетуге ешкімнің құқығы жоқ екенін еске салып өтті.

«Бұл жердегі ең ашынарлығы – агрессия көрсету ғана емес, адамның осындай әрекетке баруға еш қысылмай, өзіне бәріне рұқсат етілгендей қарауы. Ата-аналардың балалары үшін алаңдап, уайымдап, кейде ашуға берілуі мүмкін екенін жақсы түсінемін. Бірақ бұл ешкімге дәрігерге қол көтеруге құқық бермейді», – деді блогер.

Оқиғаға қатысты Маңғыстау облыстық полиция департаменті де түсініктеме берді.

Полиция мәліметінше, 31 қазан күні Ақтау қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында науқас баланың әкесі мен медицина қызметкері арасында жанжал шыққан. Жанжалға көрсетілген медициналық қызмет пен емдеу сапасына баланың әкесінің көңілі толмағаны себеп болған.

«Аталған жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» деп жазылған полиция департаменті хабарламасында.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.