KZ
RU KZ

Ерлан Қарин Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың неге берілмегенін түсіндірді

«Ренжіп қалмасын деп берсек, өнер дамымайды»: Ерлан Қарин Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың неге берілмегенін түсіндірді.

Ерлан Қарин
Ерлан Қарин Ерлан Қариннің фейсбук парақшасынан

2026 жылы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған бірде-бір туынды комиссия мүшелерінің айқын басым қолдауына ие бола алмады, деп хабарлайды ZTB.      

Осыған байланысты биыл сыйлық иегерлері анықталмады. Комиссия төрағасы, ҚР вице-президенті Ерлан Қарин қабылданған шешімнің себебін түсіндіріп, мемлекеттік сыйлықты тағайындау жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігін мәлімдеді.

Бұл туралы ол Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Ерлан Қариннің айтуынша, биылғы байқауға ұсынылған үміткерлердің барлығы қазақ руханияты мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген танымал тұлғалар. Дегенмен комиссия жұмысты бағалаған кезде үміткердің атақ-абыройына, қоғамдағы беделіне немесе жеке жетістіктеріне емес, ұсынылған туындының көркемдік және шығармашылық деңгейіне басымдық беруі керек.

Комиссия төрағасы мемлекеттік сыйлықтың негізгі мақсаты — белгілі бір тұлғаны марапаттау емес, әдебиет пен өнердегі үздік туындыны бағалау екенін атап өтті.

«Мемлекеттік сыйлық — тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды» деп жазды Ерлан Қарин.

Бірде-бір шығарма басым дауыс жинай алмады

Ерлан Қариннің мәліметінше, комиссия отырысында байқауға ұсынылған барлық туынды қаралып, дауысқа салынған. Алайда дауыс беру нәтижесінде олардың ешқайсысы комиссия мүшелерінің айқын басым қолдауына ие болмаған.

Керісінше, ұсынылған жұмыстарды қолдамаған немесе дауыс беруден қалыс қалған комиссия мүшелерінің үлесі басым болған.

«Керісінше, жұмыстарды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болды», — деді комиссия төрағасы.

Оның айтуынша, мемлекеттік сыйлықты белгілі бір жылы ешкімге бермеу бұрын да кездескен тәжірибе. Мәселен, 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық лайықты жұмыстар болмағандықтан тағайындалмаған.

«Сондықтан конкурс болған соң оның нәтижесі де әртүрлі болуы мүмкін, оны дұрыс қабылдау керек», — деп атап өтті Ерлан Қарин.

Абай атындағы сыйлықтың ережесі өзгереді

Комиссия төрағасы биылғы отырыста көтерілген маңызды мәселелердің бірі Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру жүйесін жаңғырту болғанын жеткізді.

Оның пікірінше, сыйлықтың тек талаптары мен рәсімдерін ғана емес, мазмұны мен бағалау өлшемдерін де заман талабына сай өзгерту қажет. Өйткені мемлекеттік марапаттың беделі оның қанша адамға берілгенімен емес, иегерлерінің шығармашылық еңбегі мен туындыларының шынайы құндылығымен өлшенуі тиіс.

Ерлан Қарин әлемдегі беделді марапаттардың бірі — Нобель сыйлығын мысалға келтірді. Оның айтуынша, мұндай сыйлықтар адамның жасына, мерейтойына немесе әлеуметтік жағдайына қарап емес, ғылымға, әдебиетке және қоғамға қосқан жаңашыл үлесіне қарай беріледі.

«Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек. Мысалы, әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалығы мен жаңашылдық үшін беріледі. Сол сияқты Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес» деп жазды ол.

Комиссия төрағасының айтуынша, осыған байланысты мемлекеттік сыйлықты тағайындау тәртібі мен ережелеріне елеулі өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Яғни алдағы уақытта туындыларды бағалау кезінде олардың көркемдік деңгейіне, жаңашылдығына, ұлттық мәдениетке қосқан үлесіне және шығармашылық маңызына басымдық берілуі мүмкін.

2000 жылдан бері 60-қа жуық адам марапатталған

Ерлан Қариннің келтірген мәліметіне сәйкес, 2000 жылдардан бері Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты 60-қа жуық адам иеленген. Бұл  әдебиет пен өнер өкілдеріне көрсетілген мемлекеттік қолдаудың маңызды көрінісі.

Сонымен қатар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен мемлекеттік сыйлық иегерлеріне берілетін ақшалай сыйақы мөлшері де ұлғайтылған.

Осыған орай комиссия төрағасы марапаттың материалдық және қоғамдық маңызы артқан сайын оған ұсынылатын шығармалардың да жоғары талаптарға сай болуы керектігін атап өтті.

«Демек, беделді сыйлыққа ұсынылатын туындылар да осыған лайық болуы шарт», — деп түйіндеді Ерлан Қарин.

Осылайша, биылғы байқаудың қорытындысы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың мәртебесі мен оны тағайындау өлшемдерін қайта қарау мәселесін күн тәртібіне шығарды. Алдағы реформа марапаттың беделін арттырып, әдебиет пен өнердегі шын мәніндегі үздік әрі жаңашыл туындыларды қолдауға бағытталуы тиіс.

Осы жағдай әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Кей адамдар жалпы мемлекеттік сыйлықтың мәнін кетіріп, әркімнің мерейтойына үлестіргенше, лайық болмаса бермей-ақ қойған дұрыс деп Қариннің шешімін мақұлдап жатыр. Ал кейбірі лайықты шығарма болмады дегенге күмән білдіруде. 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.