Ұлттық ұлан сарбаздарға жасырын шағымдану мүмкіндігін берді
Қазақстанның Ұлттық ұланында әскери қызметшілерге командирлеріне жасырын түрде шағым түсіруге мүмкіндік беретін ULAN SENIM жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды ZTB.
Пилоттық жоба әзірге Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде сынақтан өтіп жатыр.
Жаңа жүйе Aitu мессенджері негізінде жұмыс істейді. Әскери қызметші арнайы QR-кодты сканерлеу арқылы қолбасшылыққа анонимді өтініш жолдай алады.
Өтініш беру үшін сарбаз алдымен мәселенің санатын таңдап, мән-жайын жазып, қосымша арқылы жібереді. Жүйе әр өтінішке бірегей нөмір береді. Одан кейін өтініш тиісті шара қабылдау үшін әскери бөлім командиріне жолданады.
Мамандардың мәліметінше, әрбір өтінішті қарауға үш күн уақыт беріледі.
ULAN SENIM арқылы әскери қызметшілер жеке құрам арасындағы келіспеушіліктер туралы хабарлап қана қоймай, әскери бөлімдегі тұрмыстық жағдайды жақсарту жөнінде де ұсыныс бере алады.
Мәселен, сарбаздар күн тәртібін өзгерту, демалыс күндерін ұйымдастыру немесе асхана мәзірін жаңарту туралы өтініш жолдай алады.
Жүйеде өтініштің қаралу мәртебесін бақылау және бұрын жіберілген өтініштердің тарихын көру мүмкіндігі де қарастырылған.
Әзірге жоба бір әскери бөлімде сынақтан өтіп жатыр. Оның нәтижесіне қарай жүйені басқа әскери бөлімдерге енгізу мәселесі қарастырылуы мүмкін.