KZ
RU KZ

Қазақстанның батысында билікті күшпен өзгертпек болған 10 адам ұсталды

Атырауда 30 қазанда экстремистік топ құрды және оның қызметіне қатысты, терроризмді насихаттады және діни араздық қоздырды деген 10 күдікті ұсталды, деп хабарлайды ZTB.

Фото: ҰҚК
Экстремист Фото: ҰҚК

Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

 

«2026 жылғы 30 қазанда ҰҚК прокуратура органдарының үйлестіруімен Атырау қаласында сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында бір мезгілде 10 адамды ұстады. Олар экстремистік топ құрды, оған басшылық етті және оның қызметіне қатысты, сондай-ақ терроризмді насихаттады және діни араздық қоздырды деген күдікке ілінді» деп жазылған хабарламада.

 

 

Тергеу мәліметінше, топ мүшелері Қазақстанның батыс өңірінде конституциялық құрылым негіздерін күш қолдану арқылы өзгертуді көздеген.

 

Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларында жүргізілген тінту кезінде атыс қаруы, есірткі заттары, діни атрибутика, әдебиеттер және басқа да заттай дәлелдемелер табылып, тәркіленді.

 

Бұдан бөлек, топ мүшелері балалар мен жасөспірімдерді оқыту үшін құрды деген күдікпен үш жасырын оқу орталығы қызметіне тосқауыл қойылды.

 

Сондай-ақ күдіктілердің кейбірі бұған дейін террористік және жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны нақтыланды.

 

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.