БАҚ: Ресейде ұшақты басып аламын деп қорқытқан адам Қазақстан тумасы ма?
Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Волгоград — Мәскеу бағытындағы ұшақта шу шыққан.
Жанжал шығарып, жолаушылардың мазасын алған азамат Қазақстанда туған, бұрын сотталған 42 жастағы ер адам болып шыққан.
РИА Новости агенттігінің мәліметінше, Волгоград — Мәскеу бағытындағы әуе рейсі бортында құқық қорғау органдары тәртіп бұзған жолаушыны ұстаған. Оған дейін полицияға ұшақты басып алу қаупі туралы хабарлама түскен.
Ресей Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ирина Волктың айтуынша, Волгоград халықаралық әуежайындағы желілік полиция бөлімшесіне Мәскеуге ұшуға дайындалып жатқан әуе кемесін басып алу қаупі туралы ақпарат түскен.
Полицейлер дереу ұшақ бортына барып, 42 жастағы мас жолаушыны ұстаған. Ол Мәскеу облысының тұрғыны екені анықталды. Ер адам мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілген. Алайда медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан.
Ирина Волктың мәлімдеуінше, кинологтар ұшақты тексеріп, қауіп төндіретін ешқандай зат таппаған. Ұшақ бортында тәртіп бұзған азаматқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған. Сот шешімімен ол алты тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылып жатыр.
Ал Telegram-дағы 112 арнасының хабарлауынша, оқиға салдарынан Мәскеуге бағытталған рейс екі сағатқа кешіккен. Арна мәліметінше, жанжал шығарған адам Қазақстанда туған 42 жастағы Алексей есімді азамат болуы мүмкін.
«Бұған дейін ол ұрлық және адам өлтіремін деп қорқыту баптары бойынша сотталған» деп жазылған жарияланымда.
Алайда азаматтың Қазақстанда туғаны және бұрынғы соттылығы туралы мәліметтер әзірге ресейлік БАҚ пен Telegram арнасының ақпаратына ғана негізделген.


