KZ
RU KZ

Сот журналист Вадим Борейкоға қатысты шешім шығарды

Бүгін Алматыда журналист Вадим Борейкоға қатысты сот ісі бойынша шешім жарияланды.

Вадим Борейко
Вадим Борейко Фото: Ашық дереккөзден

Құрылыс компаниясының талап-арызын қараған сот журналисті 43 миллион теңге төлеуге және жариялаған материалдары бойынша теріске шығару жариялауға міндеттеді, деп хабарлайды ZTB.

Бұған дейін құрылыс компаниясы журналистің жарияланымдары салдарынан іскерлік беделіне нұқсан келіп, миллиондаған теңге көлемінде шығынға ұшырағанын мәлімдеп, сотқа жүгінген болатын.

Сот отырыстарында журналистің материалдарындағы нақты қай сөздер компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіргені және тұрғын үй кешенінің құрылысы сол кезде заңды болған-болмағаны талқыланды. Вадим Борейко сотта компанияның өзімен есеп айырысуды көздеп отырғанын мәлімдеген.

Ал үшінші тарап ретінде іске қатысқан Everest Development ірі құрылыс компаниясының өкілі тұрғын үй құрылысының заңсыз жүргізілгені туралы ақпаратты іскерлік беделге нұқсан келтіретін мәлімет деп бағалаған.

Іс Алматы қаласының Бостандық аудандық сотында қаралды. Талап-арызды құрылыс салушы «Etude-Ybyrai» компаниясы берген. Компания іскерлік беделін қорғауды және өзіне келтірілген залалды өндіріп алуды талап еткен.

Бірнеше ай бұрын сот процесі филологиялық және экономикалық сараптамалар жүргізілуіне байланысты тоқтатылған еді. Кейін іс қайта қарауға жіберілді. Алайда журналистің адвокаттары сараптама қорытындыларымен келіспейтінін мәлімдеген.

Еске салайық, 28 сәуірде Вадим Борейко құрылыс компаниясының сотқа берген талап-арызынан кейін өзінің банк шоттарына тыйым салынғанын хабарлаған болатын. Журналист «Гиперборей» YouTube арнасында Алматыдағы тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелерді көтерген.

Оның айтуынша, жарияланымдарда келтірілген мәліметтердің бірқатарын сол тұрғын үй кешенінің тұрғындары мен мемлекеттік орган өкілдері де растаған, ал өзі негізінен олардың пікірлері мен мәлімдемелерін жариялаған.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.