Ресейлік миллиардерге Қазақстан азаматтығы берілді
«Қазақ еліне +1 миллиардер!» деп жазды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев.
Бұл жаңалықпен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев қуана бөлісті.
"Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматының төлқұжатын қуана табыстадым. Биылғы 30 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Осы маңызды оқиғамен құттықтаймын!" деп жазды ол.
Сонымен қатар Жасұлан Мәдиев президент жасанды интеллектті дамытуға және таланттарды қолдауға ерекше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша болашақ технологияларын жасайтын мамандардың өз жоспарларын Қазақстанмен байланыстырып, идеяларын жүзеге асыруға қажетті мүмкіндіктерді елімізден тапқаны қуантарлық жайт.
"Сіздердің табыстарыңыз — жастарымыз үшін жарқын үлгі. Бұл Қазақстанда еңбек ете отырып, әлемдік деңгейдегі технологиялар жасауға, жетекші компаниялармен бәсекеге түсіп, халықаралық нарықтарды бағындыруға болатынын көрсетеді.
Алекс, Қазақстанға сенім білдіріп, еліміздің азаматы болуды таңдағаныңыз үшін рақмет. Бірлесе таланттарды қолдап, жаңа өнімдер жасап, Қазақстанның технологиялық әлеуетін нығайтамыз деп сенемін.
Қазақстан азаматтығын алуыңызбен құттықтаймын, Алекс!" деп жазды министр.
Осылай Higgsfield компаниясының тең негізін қалаушы және CEO Алекс Машрабов Қазақстан Республикасы азаматтығын алды.
Алекс Машрабов бағдарламалаумен тоғыз жасында айналыса бастаған, ал 19 жасында әлемнің үздік бағдарламашыларының қатарына енді. Ол Челябідегі физика-математика лицейін, содан кейін Мәскеу физика-техникалық институтын (МФТИ) «информатика» мамандығы бойынша табысты бітіргенін ескерсек, бұл таң қаларлық жағдай емес. Алты жылдан астам уақыт бұрын Машрабов АҚШ-қа қоныс аударды, ал бүгінде Сан-Франциско мен Алматы арасында жұмыс істейді.
2025 жылы Higgsfield $1 млрд-қа жеткен алғашқы қазақстандық AI болды. 2026 жылғы тамызда компания $5,4 млрд-қа бағаланды.
Қазір ол негізінен халықаралық нарықта бизнесті дамытуда. Компанияның Алматыда да ірі инженерлік орталығы бар.


