KZ
RU KZ

Мүгедек болып қалды: Қазпошта мен Қазақтелеком зейнет жасына дейін ай сайын 177 мың теңге төлейді

Жамбыл облысында сот үш жыл бұрын үстіне ғимарат шатыры құлап, I топтағы мүгедек болып қалған әйелдің талабын қанағаттандырды.

Сот шешімі
Сот шешімі Фото: Ашық дереккөзден

Сот шешімімен «Қазпошта» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ зардап шеккен азаматқа еңбекке жарамсыздығына байланысты ай сайын 177 мың теңгеден өтемақы төлеп тұруға міндеттелді. Төлем әйел зейнет жасына жеткенге дейін жалғасады.

Оқиға 2023 жылдың мамыр айында Жамбыл ауданының Аса ауылында болған. Сол күні қатты жел салдарынан «Қазпошта» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі ғимараттың шатыры жұлынып, сол маңда жүрген әйелдің үстіне құлаған. Салдарынан ол ауыр жарақат алып, кейін I топтағы мүгедек болып қалған.

2024 жылдың қазан айында Жамбыл аудандық сотының шешімімен «Қазпошта» АҚ зардап шеккен әйелге келтірілген материалдық шығын ретінде 8,5 миллион теңгеден астам қаражат төлеуге міндеттелген. Кейін бұл қаражат 4,3 миллион теңгеге дейін азайтылған. Сонымен қатар сот шешімімен әйелге моральдық зиян үшін 10 миллион теңге өтемақы өндірілген.

Алайда бастапқы сот талқылауынан кейін жәбірленуші қайтадан сотқа жүгінген. Ол жарақат алғаннан кейін емделуге, басқа жерге көшуге және денсаулығын қалпына келтіруге байланысты шығындары әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеген. Осыған байланысты медициналық көмекке, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алуға, сондай-ақ қосымша ем-шаралардан өтуге жұмсалған қаражатты растайтын құжаттарды ұсынған.

Бұдан бөлек, әйел алған жарақаты салдарынан еңбек ету мүмкіндігінен айырылғанын айтып, жоғалтқан табысы үшін ай сайын 218 мың теңге көлемінде өтемақы өндіруді сұраған.

Жамбыл аудандық соты емделуге байланысты шығындар өтелуі тиіс деген қорытындыға келген. Сот материалдарына сәйкес, оқиғаға дейін талап қоюшы әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеген. Оның ай сайынғы жалақысы 189 мыңнан 218 мың теңгеге дейін болған.

Сот әйелдің еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейін 90 пайыз деп есепке алып, жоғалтқан табысының өтемақысы ретінде ай сайын 177 мың теңге төлеу туралы шешім шығарған.

"Жауапкерлер талап қоюшыға аталған қаражатты зейнет жасына жеткенге дейін ай сайын төлеп отыруға міндетті. Сонымен қатар „Қазпошта“ АҚ мен „Қазақтелеком“ АҚ-дан бірлескен жауапкершілік тәртібімен 1,4 миллион теңгеден астам материалдық шығын және мемлекеттік баж өндірілді" деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Жауапкер компаниялар сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген.

Алайда Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы аудандық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылай, сот актілері заңды күшіне енді.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.