Түн ортасында тасжолда қалған 15 тәжікстандық мешітке жеткізілді
Оқиға Самара — Шымкент республикалық маңызы бар автожолының 1214-шақырымында болған.
Van Hool маркалы автобусы Тәжікстаннан Ресейге бағыт алған. Алайда жолда техникалық ақау шығып, көлік қозғалысын тоқтатуға мәжбүр болған.
Автобуста екі жүргізуші мен 15 жолаушы болған. Олардың барлығы — Тәжікстан азаматтары. Жолаушылардың арасында алты әйел, төрт бала және бес ер адам бар.
Патрульдік полиция ротасы қызметкерлері Ырғыз ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушыларымен бірлесіп, жолаушыларды шұғыл эвакуациялады. Барлық 15 адам қауіпсіз жерге жеткізіліп, Самара — Шымкент тасжолының 1153-шақырымындағы Ырғыз ауылының қиылысында орналасқан мешітке орналасты.
Эвакуацияланған азаматтар медициналық көмекке мұқтаж емес. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

