Жамбыл облысында тоғызыншы сынып оқушысы жасөспіріммен жанжалдан кейін жансақтау бөліміне түсті
Жәбірленушінің туыстары оқиғаға жасөспірімнің бейресми жиынға кешігіп келуі себеп болуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайлы ZTB.
Halyqstan мәліметінше, олар болған жағдайды ауыл жастары арасындағы әлімжеттікпен байланыстырады. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Оқиға 31 қазан күні кешке Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған.
Туыстарының айтуынша, жасөспірім кездесуге кешіккені үшін соққыға жығылған. Олардың сөзінше, ауылда бейресми иерархия қалыптасқан: жасы үлкендер кішілерге түрлі тапсырма беріп, олардан ақша жинайды, ал бағынбаған немесе кездесуге кешіккендерді жазалайды.
Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазір зардап шеккен жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз. Оған қарқынды ем жүргізіліп жатыр.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы 31 қазан күні кешке Жастар аллеясында кәмелетке толмағандар арасында жанжал болғанын хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдердің бірі екіншісінің кеуде тұсынан жұдырықпен ұрған.
«Соққы салдарынан зардап шеккен жасөспірім есінен танып, ауруханаға жеткізілді. Қазір кәмелетке толмаған бала жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында. Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігінің 8-тармағына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр» деп жазылған ведомство жауабында.
Жамбыл облысы полиция департаменті де қылмыстық іс қозғалғанын растады. Оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
«Алдын ала анықталғандай, бұрыннан таныс екі кәмелетке толмаған жасөспірім арасында жанжал туындап, олардың бірі екіншісіне соққы жасаған. Зардап шеккен бала ауруханаға жатқызылды. Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында» деп хабарлады полиция департаменті.
Сонымен қатар жергілікті тұрғындар жанжал Жастар аллеясында емес, жасөспірімдер үнемі жиналатын ауыл клубының маңында болғанын айтады.