22 банк картасы және 400 млн теңге: Ақтөбеде есірткі саудасынан түскен ақшаны криптовалютаға аударған
Ақтөбе облысында есірткі сататын интернет-дүкеннің мүддесі үшін төлем қабылдап, ақша аударумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды ZTB.KZ.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті есірткі сататын интернет-дүкеннің мүддесі үшін төлем қабылдап, ақша аударумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Тергеу мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде айырбастау тобын ұйымдастырып, оның жұмысына жеті сыбайласын тартқан. Топ мүшелері міндеттерін бөлісіп, төлемдерді тәулік бойы өңдеуді жүйелендірген. Олар күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген.
Интернет-дүкен операторлары сатып алушыларды тапсырыс ақысын төлеу үшін осы айырбастау тобына бағыттап отырған. Төлем расталғаннан кейін сатып алушыларға есірткі жасырылған орындардың координаты берілген.
Күн сайын айырбастау тобы арқылы 50-ден 70-ке дейін төлем операциясы жүргізілген. Ақшаны қабылдау үшін үшінші тұлғалардың атына рәсімделген 22 банк картасы пайдаланылған. Бұндай адамдар дропперлер деп аталады.
Кейін түскен қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі бизнесін үйлестірушілердің бақылауындағы криптоәмияндарға аударылған.
Аударым 918 мың USDT-ден асып кеткен, бұл 400 миллион теңгеден астам қаражат.