Қазақстандықтар заң жазуға қатыса алады: Құрылтайда жаңа мүмкіндік пайда болды
Енді кез келген азамат интернет, жасанды интеллект, білім беру және басқа да салаларға қатысты өз ұсыныстарын депутаттарға жолдай алады, деп хабарлайды ZTB.
Ұсыныстарды депутаттарға түрлі саладағы мәселелерді түсінуге және заңға өзгеріс әзірлеуге көмектесетін мамандар тобы қарастырады.
Қандай мәселелер бойынша ұсыныс беруге болады?
Жалпы, сегіз бағыт бойынша ұсыныс қабылдау басталды:
- Жасанды интеллект және интернет қауіпсіздігі — жеке деректерді қорғау, цифрлық ортадағы алаяқтық, жасанды интеллектіні қолдану ережелері.
- Инновациялар — стартаптарды, жаңа технологиялар мен әзірлемелерді қолдау.
- Ғылым — ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, ғалымдар мен ғылыми жобаларға қолдау көрсету.
- Жоғары білім — жоғары оқу орындарындағы білім сапасы, мамандар даярлау және жасанды интеллектті пайдалану.
- Тіл саясаты — қазақ тілін дамыту, тілдік құқықтар және аударма технологиялары.
- Креативті экономика — кино, музыка, ойын индустриясы, дизайн және авторлық құқық.
- IT-бизнес — IT-компаниялар мен стартаптарды қолдау, нарықты дамыту.
- Интернет және мобильді байланыс — байланыс сапасы, интернеттің қолжетімділігі және өңірлердегі желі қамту мәселелері.
Өз ұсынысын жолдау үшін Құрылтайдың ресми сайтына кіріп, қажетті бағытты таңдап, «Ұсыныс беру» батырмасын басу жеткілікті.
Сарапшылар кеңесі құрамына қалай кіруге болады?
Сонымен қатар мамандар сарапшылар тізіліміне енгізу туралы өтініш бере алады. Ол үшін сауалнаманы толтырып, өтінішке электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қою қажет.
Осы тізімге енген мамандарды депутаттар заңды талқылауға және оларды әзірлеу жұмысына қатысуға шақыра алады. Алайда тізілімге енгізілу адамның міндетті түрде сарапшылар кеңесі құрамына қабылданатынын білдірмейді.
Мұның қандай пайдасы бар?
Бұған дейін заңға өзгеріс енгізуді ұсынғысы келген азаматтар өз пікірін депутаттарға жеткізудің жолын іздеуге мәжбүр болатын. Енді бұл үшін Құрылтай сайтында арнайы бөлім пайда болды.
Мәселен, кәсіпкер IT-бизнестегі түйткілдерді көтере алады, студент жоғары білім беру жүйесін өзгерту жөнінде ұсыныс білдіре алады, ал тұрғындар интернет сапасының нашарлығына қатысты мәселе көтере алады.