KZ
RU KZ

27 мың вольттық ток соққан: ҚТЖ-ның екі машинисінің отбасы әділдік іздейді

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында үш ай бұрын ток соққан екі машинистің жағдайы әлі де ауыр.

Машинистердің оқиғасы
Машинистердің оқиғасы ЖИ көмегімен жасалған

Зардап шеккен азаматтардың туыстары ұлттық компанияның әрекетіне және оқиғаны тергеп-тексеру нәтижесіне наразы. Айтуларынша, ҚТЖ жұмысшылардың өздерін кінәлі деп отыр. Ал арнайы комиссия оқиғаны өндірістік жазатайым оқиға деп танымаған. Зардап шеккен машинистердің жұбайлары ZTB тілшісіне оқиғаның мән-жайын баяндап, әділдік орнатуды сұрады.

"Басшылықтың тапсырмасын орындады"

Оқиға 31 тамызда болған. Электровоз машинисі Ержан Қойманов пен оның көмекшісі Бердығали Ғабдуллин жұмыс уақытында Мойынтыдан Ағадырға келе жатқанда ток соғып, ауыр жарақат алған. Туыстарының айтуынша, электр желісінде ток өшіп, электровоз тоқтап қалған. Машинистер басшылықтың тапсырмасымен электровозды жөндеуге кіріскен.

"Оларға ток өшетіні туралы алдын ала ескертілмеген. Электровоз 10 минуттай тоқтап тұрады, содан кейін ток беріледі. Бірақ машинистер электровозды жүргізе алмайды. Өйткені электровоз ескі, ауасы шығып кеткен. Көмекке қосымша электровоз шақыртады. Бірақ ол да жүргізе алмаған. Басшылары  нұсқаушы Ұлан Түкенов пен депо кезекшісі Мейрамбек Әмрин "Электровозды қалай да жүргізіп алып шығыңдар" деп тапсырма берген. Машинист Ержан Қойманов электровозға кіріп, жөндеймін дегенде оны ток ұрады. Оны құтқарамын деп көмекшісі, яғни менің күйеуім кіреді. Оны да ток соғады", — дейді машинист көмекшісі Бердығали Ғабдуллиннің жұбайы Перизат Сейдахмет.

Ауыр жараланған машинистерді Қарағандыға бір тәуліктен аса уақыт жеткізе алмаған

Зардап шеккен екі машинисті қарама-қарсы бағытта келе жатқан электровоз жүргізушілері байқап, Мойынтыдағы медициналық мекемеге жеткізген.

"Ол жерде аурухана жоқ, емхана ғана бар. Алғашқы көмек көрсетіп, түнгі екі шамасында қайтадан пойызбен 3-4 сағаттық жердегі Ағадырдың ауруханасына жеткізеді. Жағдайлары өте ауыр болған. Ол ауруханада бір тәуліктей жатқан. Біз қанша шуласақ та, Қарағандыға жібермеді. Санитарлық авиацияға, 112-ге өзіміз хабарластық. Кешкі жетіде ғана Қарағандыдан жедел жәрдем келді", — дейді Перизат Сейдахмет.

Зардап шеккендердің отбасы ұлттық компания тарапынан тиісті көмек көрсетілмегенін айтады. Олардың сөзінше, ҚТЖ еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төлеммен ғана шектелген.

"Ұлттық компания тарапынан ешбір көмек болмады. Бізге тек ауырғаны үшін ғана төлемақы төлеп отыр. Ол — 98 мың теңге ғана. Қазақстан теміржолының мамандары ауруханада жатқан кезде ғана келді, одан кейін көрмедік. Акт жасаған, ол жерде екі машинистің өздері кінәлі деп көрсеткен. Бұлардың кінәсі — басшының тапсырмасын орындағаны ғана. Егер орындамаса, сыйақыларын, еңбекақыларын кесер еді. "Тез-тез болыңдар, басқа пойыздарды ұстап тұрсыңдар" деп басшылық асықтырған. Өйткені бұлардың әрбір минуты есептеулі", — дейді зардап шеккен жұмысшылардың отбасы.

Әріптесін құтқармақ болған машинистің денсаулығына ауыр зақым келген

Әріптесін құтқаруға ұмтылған машинист көмекшісі Бердығали Ғабдуллиннің денсаулығына айтарлықтай зақым келген. Жұбайының айтуынша, оқиғадан кейін оның көру қабілеті нашарлап, басы мен қолы жарақаттанған. Сондай-ақ жүрегінде өзгеріс пайда болған.

"Әу баста екі көзі мүлдем көрмей қалды, қазір біртіндеп қалпына келіп жатыр. Басынан қатты зақым алып, қолы күйіп қалған. Жүрегінде өзгеріс бар, аппарат қойдырдық. Оның өзінде қаржылай мүмкіндігіміз болмағандықтан, жақында ғана қойдырдық", — дейді Перизат Сейдахмет.

Ал электровоз машинисі Ержан Қойманов екі айдан астам уақыт жансақтау бөлімінде жатқан. Оның отбасына оралғанына небәрі бір апта болғанымен, денсаулық жағдайы әлі де ауыр. Ержанның теміржол саласындағы еңбек өтілі 16 жылдан асады.

Жұбайы Назгүл Хабылхақ күйеуін Қарағандыға жеткізу үшін бірнеше мекемеге өздері хабарласып, көмек сұрауға мәжбүр болғанын айтады.

"Ағадыр ауруханасында ауыр жағдайдағы науқасқа көмек көрсететін мүмкіндік болмаған. Сол жерде бір тәулік ұстаған. Бас дәрігерге "Күйеуімді қалаға жеткізейік“ деп өтініш жасап, ақыры шу шығарып, өзіміз шақырдық. "Санитарлық ұшақ келеді, міне, ұшады" деді. Екі сағат өткен соң ұшақтың майы ағып кетіп, ұша алмағанын айтты. Сөйтіп жүргенде тағы бір тәулік өтіп кетті. Реаниматолог дәрігер "Егер тағы кешіксеңіздер, күйеуіңіздің миы қабынып, комаға түседі" деді. Дәрі жазып берді, біз дәріні әупірімдеп алдырдық. Әбден кешке Ағадырға Қарағандыдан жедел жәрдем келді", — дейді Назгүл Хабылхақ.

Туыстарының айтуынша, ауыр жараланған екі машиниске бір тәуліктен астам уақыт бойы қажетті деңгейде мамандандырылған медициналық көмек көрсетілмеген.

"27 мың вольттық ток соққан": үш баланың әкесі екі ай жансақтау бөлімінде жатты

Ержан Қойманов  үш баланың әкесі, отбасының жалғыз асыраушысы. Жұбайының айтуынша, дәрігерлер оның толық қалпына келуіне шамамен екі жыл қажет екенін айтқан.

"Менің күйеуім екі айдан астам жансақтау бөлімінде жатты. 27 мың вольттық ток соққан. Дәрігерлер денесінің 55 пайызын күйік шалғанын, 35 пайызы терең күйік екенін айтты. Жағдайы әлі де жақсы емес. Дәрігерлердің айтуынша, толық қалпына келу үшін екі жылдай уақыт керек. Міне, үш ай болады, ҚТЖ тарапынан ешбір көмек берілген жоқ. Керісінше, менің күйеуімді кінәлап отыр", — дейді машинистің жұбайы.

Назгүл Хабылхақтың айтуынша, отбасының қолында электровоздың техникалық жағдайына қатысты құжаттар бар.

"Күйеуімнің бұл саладағы еңбек өтілі 16 жыл. Оған "Пойызды 20 минутта жүргізіңдер" деп бұйрық берген. Электровоздың ескі, сынық екені туралы барлық құжат қолымызда бар. ҚТЖ өз кінәсін мойындамай отыр", — дейді ол.

"Қарапайым жұмысшылар осылай мүгедек болып қала беруі керек пе?"

Зардап шеккендердің туыстары Бердығали Ғабдуллиннің әріптесін құтқару үшін өз өмірін қатерге тіккен әрекеті де ескерусіз қалғанын айтады.

Олар машинистердің еңбек қауіпсіздігіне, электровоздың техникалық жағдайына және басшылық тарапынан берілген тапсырмаларға қатысты мәселелердің жан-жақты тексерілуін талап етеді.

"Машинистердің айыбы — басшылықтың тапсырмасын орындағаны ғана. Егер бұйрық бермесе, менің күйеуім қауіпті жерге кірмес еді. Кеше келген емес, 16 жыл тәжірибесі бар маман. Электровоздың сынып тұрғанын біле тұра оны жолға шығарған. Соның салдарынан күйеуім мүгедек болып қалды. Қарапайым жұмысшылар осылай мүгедек болып қала беруі керек пе?" — дейді ауыр жараланған машинистің жұбайы.

Арнайы комиссия оқиғаны өндірістік жазатайым оқиға деп танымаған

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына ресми сауалға бұл мәселемен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысқанын хабарлаған.

Министрліктің мәліметінше, оқиғаны Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы құрған арнайы комиссия тергеп-тексерген.

Алайда комиссия мүшелерінің көпшілігі жұмыс уақытында екі машинисті ток соғып, ауыр жарақат алған оқиғаны өндірістік жазатайым оқиғаға жатқызбаған.

"Осы оқиғадан кейін Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы оқиғаны арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құру туралы бұйрық шығарды. Комиссия оқиғаның мән-жайы мен себептерін зерделеді. Арнайы тергеп-тексеру нәтижелеріне сүйене отырып, комиссия мүшелерінің көпшілігі бұл оқиғаның өндірістік жазатайым оқиғаға жатпайтыны туралы қорытындыға келді" деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Еңбек инспекциясы комиссияның шешімімен келіспеген

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 190-бабының 2-тармағына сәйкес, Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы комиссия мүшелерінің көпшілігі жасаған қорытындымен келіспей, өзінің жеке пікірін білдірген.

Еңбек инспекциясы аталған оқиғаны өндірістік жазатайым оқиға ретінде жіктеп, екі тараптың да ішінара жауапкершілігі бар екенін анықтаған.

"Келіспеушілік туындаған жағдайда заңнама мүдделі тараптарға қабылданған шешімдерге қатысты сотқа шағымдануға мүмкіндік береді", — дейді министрлік.

Екі отбасының тағдыры не болмақ?

Оқиғадан бері үш айға жуық уақыт өтсе де, екі машинистің денсаулығы толық қалпына келмеген. Ал олардың отбасылары ем-дом шығындарымен қатар, оқиғаның өндірістік жазатайым оқиға ретінде танылуы үшін күресіп жүр.

Электровоздың техникалық жағдайы қандай болған? Машинистерге жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы тапсырманы кім берген? Еңбек қауіпсіздігі талаптары сақталды ма? Ауыр жараланған жұмысшыларды облыс орталығына жеткізу неге кешіктірілді?

Бұл сұрақтар әлі де ашық күйінде қалып отыр.

Зардап шеккен азаматтардың туыстары оқиғаның объективті тергелуін, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуін және ұлттық компания тарапынан тиісті көмек көрсетілуін талап етеді.

ZTB редакциясы осы мәселеге қатысты "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ ресми сауалнама жолдады. Жауап болған жағдайда редакция екінші тараптың да ресми мәлімдемесін жариялауға дайын.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.