KZ
RU KZ

Алматыда отшашу мен петарданы бейберекет атқандарға айыппұл салынады

Алматыда фейерверк пен петарданы арнайы рұқсат етілмеген орындарда қолданғандарға айыппұл салынып, пиротехникалық бұйымдары тәркіленуі мүмкін.

Отшашу
Отшашу Фото: Ашық дереккөзден

Ал 2027 жылдан бастап бұған экологиялық шектеулер қосылады. Атап айтқанда, шығарындылар деңгейі төмен аймақта салют атуға тыйым салынады.

«Eco Almaty» ЖШС өкілдері қала тұрғындарына пиротехникалық бұйымдарды белгіленбеген орындарда пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес, азаматтардың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті бұза отырып, пиротехникалық бұйымдарды рұқсат етілмеген жерлерде қолданғандарға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 86 500 теңге айыппұл салынады. Сонымен қатар пиротехникалық бұйымдар тәркіленеді.

Егер құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі 30 АЕК-ке дейін, яғни 129 750 теңгеге дейін өседі.

Экологтар фейерверктердің қоршаған ортаға тигізетін зиянына да назар аударып отыр. Қолданыстағы айыппұлдар пиротехниканы пайдалану ережелерін бұзғаны үшін салынғанымен, мұндай бұйымдардың ауа сапасына әсері де алаңдаушылық туғызады.

Мамандардың айтуынша, салют пен петарда жарылған кезде атмосфераға түтін, күйе және ұсақ бөлшектер тарайды. Әсіресе желсіз ауа райында бұл зиянды заттар ауада ұзақ сақталып, таралуы қиындайды. Сондықтан экологтар тұрғындарға пиротехниканың қоршаған ортаға келтіретін зиянын түсіндіріп жатыр.

2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматы қаласының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларындағы жаңа талап күшіне енеді. Оған сәйкес, шығарындылар деңгейі төмен аймақтың (LEZ) аумағында азаматтық мақсаттағы пиротехникалық бұйымдарды қолдануға рұқсат берілмейді.

Дегенмен бұл талап күшіне енген сәттен бастап бүкіл қала аумағында салют атуға автоматты түрде тыйым салынады дегенді білдірмейді. Алдымен Алматы әкімдігі шығарындылар деңгейі төмен аймақтың нақты шекарасын белгілеу туралы жеке қаулы қабылдауы керек. Осыдан кейін аталған аумақ шегінде пиротехниканы қолдану жаңа экологиялық талаптарға бағынатын болады.

«Eco Almaty» ЖШС қала тұрғындарын салют пен петарда атудан бас тартуға, айналасындағылардың тыныштығын сақтауға және ауаны қосымша ластамауға шақырды.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.