Алаяқтар сатып жіберген сарай: Боранбаев қайтарып алған мүлкін енді өзі сатпақ
Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаев Мәскеу түбіндегі зәулім резиденциясын сатып жатыр.
Үш жыл бұрын ол түрмеде отырған кезде алаяқтар «Газпромның» элиталық әрі қатаң күзетілетін қалашығында орналасқан бұл жылжымайтын мүлікті жалған құжат арқылы сатып жіберуге әрекеттенген. Алайда қазақстандық кәсіпкер мүлкін қайтарып алып, енді оны өзі сатпақшы.
Ресейдің жылжымайтын мүлік агрегаторларында жариялаған хабарландыруларға сәйкес, Қайрат Боранбаев өз резиденциясын 990 миллион рубльге немесе қазіргі бағам бойынша 5,3 миллиард теңгеге сатуды жоспарлап отыр. Жаңа қожайынның иелігіне жалпы ауданы 2 мың шаршы метрден асатын төрт деңгейлі негізгі үй, қызметшілер мен күзетшілерге арналған жеке ғимарат, монша және спорт кешені өтеді.
Негізгі үйдің тұрғындары мен қонақтарына жеке лифт қарастырылған. Ғимараттың төменгі қабатында кинотеатр, шарап қоймасы, сұлулық салоны, спорт залы және техникалық бөлмелер орналасқан. Бірінші қабатта қонақ бөлмесі, бірнеше асхана, жұмыс кабинеті, сондай-ақ бассейн, жеке SPA аймағы, хаммам, массаж кабинеті мен душ бөлмелері бар. Екінші қабат негізгі тұрғын аймаққа арналған. Мұнда жатын бөлмелер, киім сақтайтын бөлмелер, балалар бөлмелері және екі қонақ бөлмесі орналасқан. Ал соңғы қабатта қонақтарға арналған бөлмелер, кітапхана, диско-бар және ашық терраса бар.






Осының бәрі Ресейдегі ең қатаң күзетілетін елді мекендердің бірі — Богородское қалашығындағы 86 сотық жерге орналасқан. Бұл қалашық кезінде мемлекеттік «Газпром» компаниясы топ-менеджерлері үшін салынған. Бір кездері мұндағы ең үлкен жер телімі Ресейдің ұзақ жылдар бойы билікте отырған президенті Владимир Путиннің бейресми әйелі әрі оның екі баласының анасы саналатын Алина Кабаеваға тиесілі болған. Қазір бұл жер мен ондағы алып резиденция Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың отбасына тиесілі. Айта кетейік, Қайрат Боранбаев кейін өз резиденциясын тұрғызған және қазір сатылымға шығарған жер телімі де бұрын Тимур Құлыбаевтың ресейлік заңды тұлғалары арқылы оның меншігінде болған.
2023 жылы Қайрат Боранбаев қаржы жымқыру, талан-таражға салу және ақшаны заңдастыру айыптары бойынша түрмеде отырған кезде алаяқтар оның «Газпром» қалашығындағы зәулім үйін сатып жіберген. Сол жылдың қараша айында бостандыққа шыққаннан кейін Боранбаев пен оның заңгерлері бұл активті қайтаруға кіріскен. Кәсіпкер Богородскоедегі резиденциясын иелену үшін пайдаланған ресейлік «Консалтинггаз» ЖШҚ-ның аудиторлық есебіне қарағанда, олар аталған мәмілені сот арқылы дауласып, оның күшін жоюға қол жеткізген.
Жалпы, 2022 жылға қарай Қайрат Боранбаевтың Ресейде жылжымайтын мүліктен тұратын едәуір ауқымды активтер портфелі қалыптасқан. Алайда арада бір жыл өткен соң кәсіпкер бұл мүліктерін сата бастаған.
Кәсіпкер Батыс Еуропадағы кейбір нысандарын да сатып жіберген.

