KZ
RU KZ

«Бір-бірін ұнатпауы да мүмкін»: Үміт пен Амур жолбарыстары жаңа ортаға қалай бейімделіп жатыр?

Ұрғашы жолбарыс жабайы қабан, Бұқар бұғылары мен қасқыр аулап жүр. Аталық жолбарыс та алғашқы олжасын ұстаған.

Амур жолбарысы
Амур жолбарысы Фото: ҚР Экология министрлігі

Бұл туралы  «Амур жолбарысы» орталығының басшысы Сергей Арамилев мәлімдеді.

Үміт тамыз айының басында, ал Амур қазан айының соңында табиғи ортаға жіберілген. Қазір екі жолбарыс жүрген ара-қашықтық шамамен бір тәуліктік жол шамасында. Олардың  қорегін қамтамасыз ету үшін «Іле-Балқаш» резерватына 300-ден астам бұғы мен құлан жіберілген.

Ұрғашы жолбарыс өз аумағына әбден бейімделіп, оны белгілеп те үлгерген. Ал аталық жолбарысқа оның бар екенін әлі анықтау қажет. Мамандар жыртқыштар жұп құрып, болашақта ұрпақ әкеледі деп үміттенеді. Алайда бұған ешқандай кепілдік жоқ.

Сергей Арамилев жолбарыстардың бір-бірін ұнатпай қалуы да мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Біз ересек жолбарыстарды әдейі жібердік, өйткені олар жыныстық тұрғыдан жетілген жануарлар. Бірақ бұл жануарлардың жүйке жүйесі күрделі, олардың әрекеті тек түйсіктеріне ғана байланысты емес. Кейде мұндай ірі жыртқыштар бір-бірін жай ғана ұнатпай қалуы мүмкін, көңілдері жараспауы да ықтимал», — деді маман.

Мұндай жағдайда аталық жолбарыс басқа ұрғашыны іздейді. Алайда оған Үміттің жалғыз мүмкін болатын жұбы екенін түсіндіру мүмкін емес.

Үміт аттыжолбарыс Фото: Экология министрлігі

Жыртқыштардың қозғалысы GPS-құрылғылары орнатылған қарғыбаулар арқылы бақыланады. Мамандардың бақылауынша, ұрғашы жолбарыс тәулігіне 7-ден 15 шақырымға дейін жол жүреді.

Қазақстандық мамандардың бағалауынша, резерватта 50-ге дейін жолбарыс мекендей алады. Ал ресейлік сарапшылар бұл мәселеге сақтықпен қарап, тұрақты популяция қалыптастыру үшін 10–15 дарақ жеткілікті деп есептейді.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.