KZ
RU KZ

Әлемде әр төрт күн сайын бір журналист қаза табады — UNESCO есебі

Әлемде соңғы жиырма жылда 1641 журналист қаза болған. Орта есеппен әр төрт күн сайын бір БАҚ өкілі өмірімен қоштасады.

Журналист
Журналист Фото: dubna.ru

Бұл туралы БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (UNESCO) жариялаған жаңа баяндамада айтылған, деп хабарлайды ZTB.   

Ұйым 2006 жылдан бері журналистердің қаза болуына қатысты деректерді жүйелі түрде жинап, жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында тіркелген 1641 өлім дерегі журналистика саласындағы қауіпсіздік мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.

UNESCO мәліметінше, белгілі бір кезеңдерде журналистер өлімінің негізгі себебі қарулы қақтығыстар болған. Атап айтқанда, бұл жағдай 2006–2007, 2012–2015 және 2023–2025 жылдары айқын байқалған.

Сонымен бірге соңғы екі жылда соғыс жүріп жатқан аумақтардан тыс елдерде кісі қолынан қаза тапқан журналистер саны 62-ге жеткен. Бұл — соңғы 18 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.

Баяндамада әйел журналистер арасындағы өлім-жітімнің азайғаны да аталды. Алайда 25–29 жас аралығындағы жас медиа қызметкерлерінің қаза болу жағдайлары жиілеген.

Журналистерді өлтіргендер жазасыз қалып отыр

UNESCO есебіндегі тағы бір алаңдатарлық мәселе — журналистерге қарсы жасалған қылмыстардың ашылмауы. Ұйымның мәліметінше, мұндай қылмыстардың жетеуінің алтауы әлі күнге дейін ашылмаған немесе тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

2026 жылы жазасыз қалу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 1 пайыздық тармаққа өсіп, 86 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы деңгеймен бірдей. Дегенмен 2012 жылғы 95 пайыздық көрсеткіштен төмен.

Ал қарулы қақтығыстар жүрмейтін елдерде журналистерді өлтіру деректері бойынша жазасыз қалу деңгейі 2012 жылғы 94 пайыздан биыл 77 пайызға дейін төмендеген.

Журналистерді ұрлау, кепілге алу және қамау деректері де бар

Баяндамада «Шекарасыз тілшілер» халықаралық үкіметтік емес ұйымының деректеріне де сілтеме жасалған.

Оған сәйкес, қарастырылып отырған кезеңде журналистердің  із-түзсіз жоғалу жағдайы кемінде 160 рет тіркелген. Оның 64-і күш қолдану санатына жатқызылған.

Бұған қоса, БАҚ қызметкерлерін кепілге алу немесе олардың әлі де кепілде ұсталуы бойынша кемінде 29 жағдай анықталған.

Ал 2024–2025 жылдары кәсіби қызметіне байланысты кемінде 938 журналист ұсталған.

Бұл деректер журналистерге төнетін қауіп тек соғыс аймақтарымен шектелмейтінін аңғартады. Ақпарат жинау, қоғамдық маңызы бар оқиғаларды жариялау және билік өкілдерінің әрекетін бақылау кезінде де тілшілер қысымға ұшырап, қылмыстық қудалауға тап болуы мүмкін.

UNESCO баяндамасы сөз бостандығы мен журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі халықаралық деңгейде әлі де өткір тұрғанын көрсетеді. Журналистерге қарсы қылмыстарды жан-жақты тергеу, кінәлілерді жауапқа тарту және медиа өкілдерінің кәсіби қызметіне қауіпсіз жағдай жасау — ақпарат алу құқығын қорғаудың маңызды шарттарының бірі екенін әлем білсе де журналистер жеткілікті қорғалмай отыр.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.