Ақтөбе облысында мектеп есепшілері үстеме жалақы арқылы 82 млн теңгеден астам қаржы жымқырған
Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы № 5 мектеп-лицейдің бас бухгалтері мен тағы екі бухгалтері бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін сотталды.
Олар 82 млн теңгеден астам қаржыны қызметкерлердің жалақысын қолдан көбейту арқылы иемденген. Сот үшеуіне де бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанымен, кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдырды.
Ақтөбе облысының прокуратурасы мектептің бюджет қаражатын пайдалануына жүргізген тексеру барысында заңсыздықты анықтаған. Тергеу мәліметінше, бухгалтерлер 2021–2024 жылдар аралығында мектеп директорының электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдаланып, қызметкерлердің есепшоттарына тиесілі мөлшерден артық жалақы аударып отырған.
«Бас бухгалтер басқа бухгалтерлермен бірге 2021–2024 жылдары директордың ЭЦҚ-сы арқылы қызметкерлерге негізсіз көтерілген жалақы аударған. Артық түскен ақшаны қызметкерлер қолма-қол ақшаға айналдырып, бухгалтерлерге қайтарып отырған» деп хабарлады облыстық прокуратура.
Яғни, қылмыстық схемада мектеп қызметкерлерінің есепшоттары пайдаланылған. Олар шоттарына түскен артық қаражатты қолма-қол шешіп алып, бухгалтерлерге берген. Алайда ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырған қызметкерлердің өздеріне қандай да бір жауапкершілік жүктелген-жүктелмегені туралы прокуратура нақты ақпарат бермеді.
Сот қандай үкім шығарды?
Қылмыстық іс сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену және талан-таражға салу бабы бойынша қозғалған.
Шалқар аудандық соты үш бухгалтерді кінәлі деп таныды. Мектептің бас бухгалтеріне 8 жыл, ал қалған екі бухгалтерге 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар сотталған үшеуіне де 10 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Алайда сот олардың кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді кейінге қалдырған. Осыған байланысты сотталғандар әзірге колонияға жіберілмейді.
Сот үкімі заңды күшіне енген.

