KZ
RU KZ

«Медициналық туризм»: Шетелдіктердің тіс емдету үшін Қазақстанға ағылып жатқаны рас па?

ҚР ДСМ мәліметінше, Қазақстан шетелдік азаматтар арасында медициналық туризмнің сұранысқа ие бағыттарының біріне айналып келеді.

Тіс емдеу
Тіс емдеу Фото: Ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтың айтуынша стоматологиялық қызметтің қолжетімді бағасы мен сапасы шетелдіктердің қызығушылығын арттырған. 

Оның айтуынша, Қазақстанға алыс шетелдерден де тіс емдетуге келетіндер көбейген. Өйткені бірқатар мемлекеттерде тіс имплантын орнату бірнеше мың, тіпті ондаған мың доллар немесе еуро тұрады. Ал Қазақстанда дәл осындай қызметті әлдеқайда арзан бағаға алуға болады.

«Бізге алыс шетелдерден адамдар келіп жатыр. Олардың елдерінде бір имплант орнату бірнеше мың немесе ондаған мың доллар, еуро тұрады. Сондықтан Қазақстанда тексеруден өту немесе сол имплантты орнату әлдеқайда арзан. Сонымен қатар стоматологиялық қызметтердің сапасы жағынан біз ешкімнен кем емеспіз», — деді Тимур Сұлтанғазиев Құрылтай алаңында өткен брифингте .

Ол бұл мәліметті Қазақстан стоматологтері қауымдастығы деректеріне сүйеніп айтыпты.

Елімізде тіс емдеу бағасы қымбаттап кетпей ме?

Журналистер шетелдіктердің қазақстандық стоматологияға қызығушылығының артуы жергілікті тұрғындар үшін тіс емдеу бағасының қымбаттауына әкелмей ме деген сауал қойды.

Вице-министр мұндай қауіп жоқ екенін жеткізді. Керісінше, медициналық қызмет алу үшін келетін шетелдіктер саны артса, стоматологиялық клиникаларда жұмыс істейтін маман табысы көбейеді деп есептейді.

«Біз, керісінше, медициналық қызмет алу үшін келетін шетелдік азаматтардың саны артқан сайын стоматология саласында  жұмыс істейтін мамандардың лайықты табыс табу мүмкіндігі де көбейеді деп санаймыз. Бұл орта буын медицина қызметкерлеріне де, дәрігерлерге де қатысты. Яғни, бұл — қосымша табыс көзі. Тіпті басқа медициналық бағыттағы жүктемені азайтуға да мүмкіндік беруі мүмкін. Сондықтан қызмет бағасы өседі деп алаңдамаймыз», — деді ол.

Сондай-ақ вице-министр стоматология саласын қаржыландырудың қосымша көздерін енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Оның пікірінше, жалпы медициналық туризмнің дамуы ел экономикасына оң әсер етеді.

«Медициналық туризм»

Айта кетейік, Қазақстанда медициналық қызметтерге шетелдіктердің қызығушылығы артып келе жатқандықтан, заңнамада «медициналық туризм» ұғымын ресми түрде бекіту жоспарланып отыр.

Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, шетелден емделуге келетін азаматтарға медициналық қызмет көрсету және оларды қолдау тәртібі реттеледі. Бұл отандық медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, салаға қосымша инвестиция тартуға жағдай жасайды.

«Шетелден емделуге келетін азаматтарға қызмет көрсету және оларды сүйемелдеу тәртібін реттеу көзделген. Бұл отандық медициналық ұйымдардың мүмкіндігін кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға жағдай жасайды. Дегенмен Қазақстан азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді», — деді вице-министр Құрылтай отырысында.

Осылай Қазақстан медициналық туризмді дамыту арқылы шетелдік пациенттерді тартуды және денсаулық сақтау саласына қосымша қаржы көздерін қалыптастыруды көздеп отыр.

Ал мемлекеттік саясаттағы негізгі міндет — отандық тұрғындардың сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігін шектемеу.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.