Словакияда қазақстандық бес студенттің қатысуымен болған атышулы қылмыстық оқиға туралы не белгілі?
Тергеу нұсқасы бойынша, қазақстандық студенттер өздерін полиция ретінде таныстырып, ақша бопсалау мақсатында адам ұрлаған деген күдікке ілінді.
Жергілікті TN Live арнасының мәліметінше, 18–21 жас аралығындағы бес жігіт өздеріне қарыз деп санаған жергілікті тұрғыннан ақша өндіріп алмақ болған. Олар бетперде тағып, арнайы жасақтың (NAKA) киіміне ұқсас форма киіп, ер адамның әжесі тұратын үйге басып кірген.
Күдіктілер үй ішін тінтіп, жертөледен іздеген адамын тауып, соққыға жығып, күштеп алып кеткен. Кейуана «полиция қызметкерлерінің» әрекетіне шағымдану үшін құқық қорғау органдарына жүгінгенде, олардың жалған полицейлер екені анықталған.
Күдіктілерге «алдын ала сөз байласу арқылы ақша бопсалау мақсатында адам ұрлау» және «тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу» баптары бойынша ауыр айып тағылған. Словакия заңнамасы бойынша, егер кінәсі дәлелденсе, олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ұсталған студенттердің бірінің адвокаты Мартин Бурай тағылған айыппен келіспейтінін және тергеу материалдарындағы оқиға желісі шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді,
Университет ректоры Йозеф Габаник студенттердің кінәсі расталса, оқудан шығарылатынын айтты. Ал Қазақстан СІМ ұсталған азаматтардың туыстарымен байланыс орнатылып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Ер адамның әжесінің айтуынша, бейтаныс адамдар үйге басып кіріп, бөлмелерді тінти бастаған. Әйел болған жағдайдан қатты қорыққан.
Кейін ер адам туысының үйінен табылып, болжам бойынша, сол жерде соққыға жығылған. Әйел жалған полицейлердің әрекетіне шағымданбақ болған кезде олардың құқық қорғау органдарына ешқандай қатысы жоқ екені анықталған.
Төрт күдікті ұсталды
Полиция бес адамның төртеуін қолға түсірген. Бесіншісі оқиға орнынан қашып үлгерген.
Ұсталған қазақстандықтардың бірінің адвокаты қорғауындағы азаматқа адамдар тобымен жасалған бопсалау мақсатындағы адам ұрлау дерегі бойынша аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылғанын хабарлады.
Алайда қорғаушы айыптауды негізсіз деп санайды. Оның пікірінше, оқиғаның нақты мән-жайы тергеу ұсынған нұсқаға сәйкес келмейді.
Ұсталғандардың барлығы университет студенттері
Басылымның хабарлауынша, күдіктілер Тренчин қаласындағы Александр Дубчек атындағы университетте білім алады. Олардың төртеуі 18 жаста болса, ең үлкенінің жасы — 21-де.
Университет ректоры Йозеф Габаник оқу орнына әзірге бұл оқиғаға қатысты ресми ақпарат түспегенін мәлімдеді. Егер студенттердің құқық бұзушылыққа қатысы расталса, олар университеттен дереу шығарылуы мүмкін.
Прокуратура айыпталушылардың қашып кету және жаңа қылмыстар жасауы мүмкін екенін ескеріп, оларды қамауға алуды талап етті.


