Сапаров мал бағасын арттыруға жеткілікті негіз жоқ деп есептейді
Министрдің айтуынша, Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын бекіткен.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров малдың есептік құнын көтеруге жеткілікті негіз көріп отырған жоқ.
«Мал сатып алуды алдын ала, негізінен жылдың басында жоспарлаған жөн. Бұл ретте жануарлардың қолайлы жас санаттарын және оларды жеткізу мүмкіндіктерін ескеру қажет. Сонымен қатар тірідей салмағы 200–230 келі болатын асыл тұқымды жас малды сатып алуға басымдық берген дұрыс. Кейіннен малды сатып алушының өз шаруашылығында өсіруі қолда бар жемшөп қорын және алдағы жайылым маусымын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, жыл соңына қарай тірідей салмағы жоғары мал бағасының қымбаттауы оның есептік құнын арттыруға жеткілікті негіз бола алмайды», — деп жауап берді Сапаров «Ауыл» партиясынан сайланған Құрылтай депутаттарының сауалына.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 29 қаңтардағы № 51 қаулысымен Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген.
«Кешенді жоспар аясында агроөнеркәсіп кешенінің алдына 2031 жылға қарай ірі қара мал санын 12 миллион басқа, ал ұсақ мал санын 28 миллион басқа дейін жеткізу жөнінде стратегиялық міндет қойылды. Сондай-ақ кешенді жоспар шеңберінде асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға бағытталған, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын „Игілік“ және „Береке“ несиелеу бағдарламалары іске қосылды. Бұдан бөлек, жайылым инфрақұрылымын дамытуға, мал шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға және өзге де шығындарды қаржыландыруға арналған бірыңғай „Жайлау“ несиелеу бағдарламасы іске қосылды», — деді министр.
Ал «Жайлау» бағдарламасы аясында малдың сатып алу құнын және оны есептеу тетігін қайта қарау мәселесіне қатысты Сапаров отандық асыл тұқымды малды сату кезінде оның бағасы жануардың жасына, тірідей салмағына және асыл тұқымдық қасиеттеріне қарай белгіленетінін нақтылады.

