Deutsche Bank Тимур Құлыбаевқа қатысты 15 миллион доллар аударымды бұғаттады
Қазақстандық миллиардер Тимур Құлыбаев Deutsche Bank қаржылық операциялары зерттелген ықпалды клиенттерінің қатарынан табылды.
Бұл туралы Inside Deutsche Bank халықаралық журналистік зерттеуінде айтылған.
Зерттеу жұмысына 200-ден астам журналист қатысып, олардың қолына неміс банкінің 15 миллионнан астам ішкі құжаты түскен. Журналистердің анықтауынша, Тимур Құлыбаев 2006 жылдан бастап Deutsche Bank-пен өзінің компаниялары арқылы жұмыс істеген. Ал 2013 жылдың өзінде банк сарапшылары оның атына қатысты сыбайлас жемқорлық айыптауларына назар аударған.
2020 жылдың қаңтарында банк Біріккен Араб Әмірліктеріндегі шоттан түсуі тиіс 15 миллион долларды бұғаттаған. Журналистік зерттеу деректеріне сәйкес, Құлыбаевтың өкілдері бұл қаражаттың қайдан шыққанын сенімді түрде түсіндіре алмаған.
Соған қарамастан, бірнеше аптадан кейін банк қызметкерлері оның жұбайы Динара Құлыбаеваның атына Люксембургте шот ашу рәсімдерін бастаған. Алайда 2020 жылдың мамырында Deutsche Bank кәсіпкермен арадағы іскерлік қатынасты тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Тимур Құлыбаевтың заңгерлері тағылған күдіктерді жоққа шығарды. Олардың мәлімдеуінше, кәсіпкердің табыс көздері Deutsche Bank-ке белгілі болған және ол банкке жалған ақпарат ұсынбаған.
Ал Deutsche Bank соңғы жылдары қаржылық бақылау жүйесін айтарлықтай күшейткенін мәлімдеді. Банктің хабарлауынша, осы бағытты жетілдіруге 7 миллиард еуро инвестиция салынған.

