KZ
RU KZ

Қалыңмал мәһрдің орнына есептеле ме? ҚМДБ маңызды шартты түсіндірді

Қазақстанда күйеу жігіттің отбасы қалыңдықтың ата-анасына беретін қалыңмалы исламдағы міндетті неке сыйы — мәһрдің орнына есептелуі мүмкін.

Қалыңмал
Қалыңмал ЖИ көмегімен жасалды

Алайда бұл үшін бір маңызды шарт орындалуы керек. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы түсіндірді.

ҚМДБ мәліметінше, қалыңмал мен мәһр ұғымы бір-бірінен бөлек. Қалыңмал — қазақ халқының дәстүрінде қалыптасқан салт болса, мәһр — ислам шариғатында некеге байланысты ер адамның әйеліне беруі тиіс міндетті сыйы. Дегенмен екі тарап келіссе, қалыңмал ретінде берілетін қаражатты мәһр деп белгілеуге болады.

Мысалы, құда түскен кезде екі жақ бір миллион теңге қалыңмалдың қалыңдыққа мәһр ретінде берілетіні жөнінде келіссе, бұл ақша әйелдің жеке меншігі болып саналады. Мұндай жағдайда қаражат оның ата-анасына емес, тікелей өзіне тиесілі болады.

Қыздың ата-анасы бұл ақшаны өз қалауынша жұмсай алмайды. Мәселен, оны жасау-жабдығына немесе басқа да қажеттіліктеріне пайдалануды жоспарласа, міндетті түрде қызының келісімін алуы керек. Егер қалыңдық бұған қарсы болса, белгіленген қаражат толығымен өзіне беріледі.

Бұл талап болашақ күйеуіне де қатысты. Ер адам әйеліне тиесілі мәһрді оның рұқсатынсыз пайдалана алмайды. Сондай-ақ әйеліне мәһр ретінде берілген мүлікті өз бетінше сатуға немесе басқа біреуге беруге құқығы жоқ. Некесі бұзылған жағдайда да мәһр әйелдің өзінде қалады.

Ислам құқығында мәһр әйелдің материалдық құқығы мен жеке меншігін қорғауға бағытталған. Оның мөлшері мен берілу тәртібі некеге тұратын тараптардың өзара келісімімен белгіленеді. Ең бастысы, мәһр әйелдің келісімімен берілуі және оның өз иелігінде қалуы керек.

Осылай қазақтың қалыңмал дәстүрі мен исламдағы мәһр ұғымын өзара байланыстыруға болады. Бірақ қалыңмалдың мәһр ретінде танылуы үшін қалыңдықтың өзі оған келісім беруі шарт. Әйелдің келісімінсіз ата-анасының немесе күйеу жігіттің бұл қаражатты иемденгені дұрыс емес.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.