KZ
RU KZ

Елімізде мемлекеттік қызметкерлерді есірткіге тексерудің жаңа тәртібі бекітілді

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің есірткі және психотроптық заттарды қолдану белгілерін анықтаудың жаңа тәртібі бекітілді.

Есірткіге тексеру
Есірткіге тексеру ZTB. ЖИ иллюстрация

Енді қызметкердің мінез-құлқында, сыртқы келбетінде немесе психологиялық жағдайында күмән тудыратын кемінде үш белгі байқалса, оны медициналық куәландыруға жіберуге болады. Жаңа талап 2026 жылғы 29 қарашадан бастап күшіне енеді.

Тиісті бірлескен бұйрықты Денсаулық сақтау министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қабылдаған. Құжат мемлекеттік қызметшілердің есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын қолдану ықтималдығын анықтау және медициналық тексеру нәтижелерін рәсімдеу тәртібін белгілейді.

Жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы мінез-құлқын кадр қызметі мен тікелей басшысы бақылап отырады. Егер қызметкердің бойынан күмәнді белгілер байқалса, кадр қызметі бұл туралы мемлекеттік орган басшысына хабарлауы тиіс.

Күдік тудыратын белгілер бірнеше топқа бөлінген. Олардың қатарында мінез-құлықтың күрт өзгеруі, эмоциялық тұрақсыздық, ашуланшақтық, шамадан тыс белсенділік немесе керісінше енжарлық, жұмысқа деген қызығушылықтың төмендеуі бар. Сондай-ақ қызметкердің жұмысқа жиі кешігуі, себепсіз келмеуі, жұмыс орнынан жиі кетуі, әріптестерімен араласудан қашқақтауы да назарға алынады.

Сыртқы және физиологиялық белгілерге адамның сырт келбетінің айтарлықтай өзгеруі, жеке гигиенасының нашарлауы, қарашықтарының шамадан тыс үлкеюі немесе кішіреюі, денесіндегі ине іздері жатады.

Ал психологиялық және танымдық өзгерістердің қатарына есте сақтау қабілетінің нашарлауы, зейіннің төмендеуі, ойды жүйелі жеткізе алмау, сөйлеудің бұзылуы, мазасыздық пен галлюцинациялар енгізілген.

Маңыздысы, аталған белгілердің болуы адамның есірткі қолданғанын автоматты түрде білдірмейді. Олар тек медициналық тексеруге жіберуге негіз болатын күмәнді жағдайлар ретінде қарастырылады. Ал нақты қорытындыны медициналық куәландыру нәтижесі бойынша мамандар шығарады. Тексеру кезінде адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, құпиялылықты сақтау, объективтілік пен бейтараптық қағидаттары ескерілуі тиіс.

Тексеру қалай жүргізіледі?

Жаңа тәртіп бойынша, кадр қызметі әртүрлі топтарға жататын кемінде үш күмәнді белгіні анықтаса, бұл туралы мемлекеттік орган басшысына хабарлайды. Басшы бір жұмыс күні ішінде қызметкерді медициналық тексеруге жіберу туралы шешім қабылдауы керек.

Оң шешім қабылданған жағдайда кадр қызметі 48 сағат ішінде медициналық куәландыруға жолдама рәсімдейді. Ал күдікке ілінген қызметкер жолдаманы алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде тексеруден өтуге міндетті. Медициналық куәландыру жұмыс уақытында жүргізіледі.

Егер тексеру нәтижесінде есірткі немесе психотроптық заттарды қолдану фактісі расталса, тиісті ақпарат Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне және құқық қорғау органдарына жіберіледі. Бұдан кейін қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.

Ал медициналық тексеруден бас тартқан немесе одан жалтарған жағдайда кадр қызметі арнайы акт жасайды. Онда бас тартудың немесе тексеруден жалтарудың мән-жайлары көрсетіліп, құжат қызметкердің жеке ісіне тіркеледі. Заңнамаға сәйкес, медициналық куәландырудан өтуден бас тарту мемлекеттік қызметтен босатуға негіз болуы мүмкін.

Сонымен бірге медициналық тексеру нәтижелері мен қызметкерге қатысты мәліметтер дербес деректерді қорғау талаптарына сәйкес сақталып, өңделуі тиіс. Мемлекеттік қызметші тексеру нәтижесімен танысуға және шешіммен келіспеген жағдайда заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.

Жаңа талап барлық мемлекеттік қызметшіге қатысты ма?

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген заңнамалық өзгерістер мемлекеттік қызметшілерді есірткі мен психотроптық заттарды тұтыну тұрғысынан медициналық куәландырудың құқықтық негізін қалыптастырды.

Сонымен қатар басшылық лауазымдарда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер жыл сайын медициналық тексеруден өтуге тиіс. Тексерілуі қажет лауазымдардың тізімі жауапкершілік деңгейіне, қызметтік міндеттердің ерекшелігіне және басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына төнуі мүмкін қауіпке қарай айқындалады.

Ал арнайы тізімге енгізілмеген қызметкерлер де жұмыс барысында күмәнді белгілер анықталған жағдайда медициналық куәландыруға жіберілуі мүмкін.

Осылайша, жаңа тәртіп мемлекеттік органдардағы есірткі мен психотроптық заттарды заңсыз тұтынудың алдын алуға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындауын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бірлескен бұйрық 2026 жылғы 29 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.