KZ
RU KZ

SCAT кесірінен Балиға бара алмаған ерлі-зайыпты әуе компаниясынан 1,45 млн теңге өндіріп алды

Ерлі-зайыптының Оңтүстік-Шығыс Азияға жоспарлаған сапары бұзылды. Сот әуе тасымалдаушысынан демалысқа жұмсалған шығынды және оған қосымша 500 мың теңге өндіріп алды.

Ұшақ рейсі
Ұшақ рейсі ЖИ көмегімен жасалған

Биыл көктемде Атыраудың екі тұрғыны Малайзия арқылы ертегідей әсем Бали аралына баруды жоспарлаған. Ерлі-зайыпты алдымен Алматыға, одан әрі Куала-Лумпурға, кейін Балидің әкімшілік орталығы Денпасарға ұшатын билеттерді сатып алған. 

Сапар небәрі үш күнге, Наурыз мерекесіндегі демалыс күндеріне жоспарланған. Тіпті қонақүйді де алдын ала брондап, ақысын төлеп қойған.

Алайда SCAT әуе компаниясының жоспары басқа болып шықты. Шымкенттік әуе компаниясының ұшағы Атырауға едәуір кешігіп келіп, салдарынан рейс бақандай бес сағатқа кешікке. Ерлі-зайыпты Алматыға жеткенімен, Куала-Лумпурға ұшатын келесі рейске үлгермеген. Салдарынан Малайзияға, кейін Балиға ұшатын билеттері жарамсыз болып қалған.

Ерлі-зайыпты Атырауға автокөлікпен қайтып, кейін өтемақы алу үшін SCAT әуе компаниясына жүгінген. Компания тіпті өтемақы да төлеген — бес сағат кешіккені үшін бар болғаны 11 686 теңге. Ал бұзылған демалысқа жұмсалған шығынды өтеуден әуе тасымалдаушысы бас тартқан.

Осыдан кейін жолаушылар сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Іс судья Гүлмира Рахымбаеваның қарауына берілді. Ол оқиғаның барлық мән-жайын мұқият зерделеген. Талапкерлердің ұстанымы қарапайым: SCAT оларды Алматыға кешіктіріп жеткізгендіктен, жоспарланған сапар жүзеге аспай қалған. Ал әуе компаниясының өкілі тасымалдаушы өз міндеттемелерін орындағанын, жолаушыларды тиісті жерге жеткізгенін, ал туындаған шығындар шымкенттік әуе компаниясы қызмет көрсетпейтін басқа рейстерге байланысты екенін мәлімдеген.

Алайда сот ұшақтың ұшу уақыты жолаушы мен әуе тасымалдаушысы арасындағы шарттың маңызды талаптарының бірі деген қорытындыға келді. Сондықтан әуе компаниясы рейстің кешігуіне ғана емес, соның салдарынан туындаған шығындарға да жауап беруі тиіс.

Осыған байланысты сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Сот SCAT әуе компаниясынан Балиға дейінгі билеттердің толық құны мен қонақүйге төленген ақыны қоса алғанда 950 мың теңге, сондай-ақ моральдық зиянды өтеу үшін 250 мың теңге және өкілдің қызметіне жұмсалған шығын үшін тағы 250 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.