KZ
RU KZ

Сирек кездесетін қан тамыры ауруына шалдыққан балалар енді шетелге бармай-ақ елімізде емделеді

Алматыда алғаш рет Қазақстанда қан тамырларының күрделі ақаулары бар балаларды бұрын тек шетелде қолжетімді болған әдіспен емдеу басталды.

Сирек кездесетін аурулар
Сирек кездесетін аурулар Фото: Аяла қоры

Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығында алғашқы сегіз балаға ота жасалды. Енді медициналық мекеме еліміздің барлық өңірінен жылына 50-ге дейін баланы қабылдай алады.

"Өмірге тыныс сыйлайық" ("Вдохнем жизнь") жобасы 2025–2026 жылдары Almaty Marathon қайырымдылық бастамаларының бірі болды. Жоба Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен "Бірінші болуға батылдық" корпоративтік қоры мен AYALA қайырымдылық қорының бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асты.

AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменованың айтуынша, балалар медицинасында көп айтыла бермейтін, алайда науқас баланың отбасы үшін үлкен сынаққа айналатын мәселелер бар.

"Мұндай жобалар қомақты қаржы талап етеді. Дегенмен көмекке мұқтаж балалар саны салыстырмалы түрде аз болуы мүмкін. Біз "Бірінші болуға батылдық" корпоративтік қорының қолдауын ерекше бағалаймыз. Олар біздің бір ұстанымымызбен келіседі: аурудың сирек кездесуі баланың қажетті ем алу-алмауын анықтамауы керек. Біз дәл осындай өзгерістер үшін жұмыс істеп келеміз", — дейді Айдан Сүлейменова.

"Бірінші болуға батылдық" қоры мұндай жобаларды жүзеге асыруға Almaty Marathon қатысушыларының арқасында мүмкіндік алып отыр. Өйткені жарысқа қатысу үшін төленетін жарнаның бір бөлігі қайырымдылыққа бағытталады.

2026 жылғы 27 қыркүйекте өткен мерейтойлық марафонға 66 елден 16 мың адам қатысты. 2012 жылдан бері қор 30-дан астам қайырымдылық жобасын жүзеге асырған. Олардың қатарында спорт алаңдарын салу, медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен және оңалту құралдарымен қамтамасыз ету бастамалары бар.

Нәрестенің көз тор қабығын наркозсыз көруге болады

2026–2027 жылдары екі қор бесінші бірлескен жобасын қолға алуды жоспарлап отыр. Бұл  құны 160 миллион теңге болатын «Әлемді көремін» («Вижу мир») жобасының жаңа кезеңі.

Осы кезде Алматыдағы перинаталдық орталықтардың біріне нәрестелерге арналған томограф орнатылмақ. Бұл құрылғы Қазақстанда алғаш рет қолданылады.

Жаңа аппарат шала туған нәрестелердің көз тор қабығын наркозсыз және көзге жанаспай-ақ қабат-қабатымен тексеруге мүмкіндік береді. Осылайша, көз ауруларын бастапқы кезеңінде анықтауға жағдай жасалады.

Мамандардың есебінше, аталған құрылғының көмегімен жыл сайын шамамен 700 баланы тексеруге болады.

Бұл бастамалар Қазақстанда балаларға көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, сирек кездесетін ауруларға шалдыққан сәбилердің шетелге бармай-ақ ем алуына мүмкіндік береді.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.