ҰҚК мен министрлік халықтың дербес деректері даркнетте сатылымға шығарылды деген ақпаратты тексеріп жатыр
Қазақстанда миллиондаған азаматтың жеке деректері интернеттің жасырын сегменті — даркнетте сатылымға қойылғаны туралы ақпарат тексеріліп жатыр.
Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта тексеру жұмыстарын Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізіп жатыр.
Жасұлан Мәдиев даркнетте қазақстандықтардың ұрланған деректері деген атаумен түрлі ақпараттық базалар сатылымға жиі шығарылатынын атап өтті. Алайда олардың барлығы бірдей шынайы мәлімет емес. Тексеру барысында кейбір базалардың мәлімделген ақпаратқа қатысы жоқ файлдар жиынтығы екені анықталады.
«Көбінесе мұндай деректердің ішінде, қарапайым тілмен айтқанда, қажетсіз ақпарат, түрлі фотосуреттер, тіпті Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ суреттер мен басқа да файлдар кездеседі», — деді министр.
Оның сөзінше, қазіргі тексеру аясында мамандар сатылымға қойылған файлдардың мазмұнын зерттеп, олардың шынайылығын анықтайды. Сонымен қатар тиісті мемлекеттік орган тарапынан ақпараттық қауіпсіздік талаптары мен рәсімдердің бұзылған-бұзылмағаны тексеріледі.
Егер заңбұзушылықтар анықталса, жауапты лауазымды тұлғалар мен мекеменің өзіне қатысты әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы мүмкін.
Министр бұл тексеру медициналық ұйымдардың бірінен азаматтардың жеке деректері таралуы мүмкін деген шағымдардан кейін басталғанын айтты. Бұған дейін төрт миллион қазақстандықтың жеке ақпараты жария болып кетуі ықтимал деген мәлімет тараған еді.
Даркнетте қандай деректер сатылымға қойылған?
Бұған дейін киберқауіптерді бақылаумен айналысатын халықаралық SOCRadar компаниясы даркнетте Қазақстанның мемлекеттік органдарының біріне тиесілі болуы мүмкін деректер базасы сатылымға шығарылғаны туралы хабарлаған.
Компания мәліметінше, Brose бүркеншік атын жамылған адам 2014–2026 жылдар аралығын қамтитын 186 кестедегі 507 миллион жазбаны сатылымға қойған. Ақпараттық база үшін 50 мың АҚШ доллары, яғни 22 миллион теңгеден астам қаржы сұралған.
Сатылымға шығарылған дерек сипаттамасында шамамен 16,6 миллион азаматтың жеке мәліметтері мен 6,8 миллион компания туралы ақпарат бар екені көрсетілген.
Сатушының мәлімдеуінше, базада азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН), төлқұжат деректері, құпиясөздердің хештері, әкімшілердің есептік жазбалары, жүйеге кіру сеанстарының токендері және төлем ақпараты қамтылған.
Алайда ведомство даркнетте жарияланған мәліметтердің шынайылығы әлі толық расталмағанын және жан-жақты тексеруді қажет ететінін атап өтті.
Сонымен құзырлы органдар жарияланған файлдардың мазмұнын, олардың қайдан алынғанын және мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қауіпсіздік талаптарының бұзылған-бұзылмағанын анықтап жатыр.


