Мәслихат депутатына қойылатын талап күшейді: жаза мен жәрдемақы тәртібі өзгерді
Президент шешімімен тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға мәслихат таратылған жағдайда арнайы жәрдемақы төленеді.
Қазақстанда мәслихаттардың үлгілік регламентіне өзгерістер енгізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған өзгерістерге сәйкес, депутаттардың кәсіби әдеп нормаларын бұзғаны және өз міндеттерін орындамағаны үшін қолданылатын шара күшейтілді.
Жаңа тәртіп бойынша, депутат өз міндеттерін орындамаса немесе кәсіби әдеп талаптарын бұзса, оған бір сессия бойы сөз сөйлеуге тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ депутатты сессия жұмысына қатысу құқығынан айыру шарасы да енгізілді.
Ал мәслихатта тұрақты негізде қызмет ететін депутаттарға қосымша жаза қарастырылған. Олар тәртіп бұзған жағдайда бір күндік жалақысынан айырылуы мүмкін. Бұл шара депутаттардың қызметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, мәслихат президент шешімімен мерзімінен бұрын таратылған жағдайда тұрақты негізде жұмыс істеген депутаттарға арнайы жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері депутаттың орташа айлық жалақысына тең болады. Төлем депутат жаңа жұмысқа орналасқанға немесе зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін беріледі. Алайда жәрдемақы төлеу мерзімі мәслихат депутатының өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.
Бұл төлем мәслихаттың барлық депутатына бірдей берілмейді. Ол тек тұрақты негізде қызмет атқарған депутаттарға арналған. Жәрдемақы тағайындау туралы шешімді депутаттың өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде мәслихат аппаратының басшысы қабылдайды. Ал бұрынғы депутат жұмысқа орналасқан немесе зейнеткерлік жасқа жеткен жағдайда бұл туралы үш жұмыс күні ішінде мәслихат аппаратына хабарлауы керек.
Депутаттық сауалға жауап беру мерзімі қысқартылды, төраға сайлауға қатысты да шектеу енгізілді
Бұған дейін мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар депутаттық сауалға бір ай ішінде жауап беруге тиіс болса, енді бұл мерзім 15 күнтізбелік күн болып белгіленді. Жауап жазбаша түрде берілуі керек. Бұл өзгеріс жергілікті мәселелерді жедел қарауға және депутаттардың тұрғындар атынан көтерген мәселелеріне уақтылы жауап алуға мүмкіндік беруге бағытталған.
Сонымен қатар мәслихат төрағасын сайлауға қатысты да шектеу енгізілді. Енді бір адам елорда, облыс, республикалық маңызы бар қала немесе аудан мәслихатының төрағасы қызметіне қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.
Айта кетейік, мәслихаттар — жергілікті халықтың еркін білдіретін және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын өкілді органдар. Олар жергілікті бюджетті бекітуге, оның орындалуын бақылауға, аумақтарды дамыту жоспарларын қарауға және әкімдердің есептерін тыңдауға қатысады. Сондықтан енгізілген өзгерістер депутаттардың жауапкершілігіне, олардың жұмысының ашықтығына және халық алдындағы есептілігіне тікелей қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 24 қарашадағы № 1579 Жарлығымен бекітілген өзгерістер 2026 жылғы 7 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.


