KZ
RU KZ

Илон Маск әрбір америкалық балаға SpaceX компаниясының екі акциясын үлестіреді

Әлемдегі ең бай адам, кәсіпкер Илон Маск АҚШ-тағы әр балаға SpaceX компаниясының екі акциясын сыйға тартатынын мәлімдеді.

Илон Маск
Илон Маск Фото: EPA/Vostock-photo

Бұған дейін ол әр балаға бір акциядан беруге уәде еткен еді. Енді бұл сан екі есеге артты. Кәсіпкердің айтуынша, бір акцияны SpaceX компаниясы, екіншісін өзі жеке береді.

«Америкадағы әр бала SpaceX компаниясының екі акциясын алады. Біреуі компаниядан, екіншісі жеке өзімнен беріледі», — деп жазды Маск X әлеуметтік желісінде.

Алайда ол акцияларды үлестірудің барлық шарттарын нақтылаған жоқ.

Бұған дейін SpaceX компаниясы АҚШ-тағы балаларға арналған Trump Accounts бағдарламасы аясында ашылған әрбір белсенді шотқа А санатындағы бір жаңа акциядан бөлетінін хабарлаған. Илон Маск та компанияның бұл шешімін қолдап, әр балаға өз атынан тағы бір акция беретінін мәлімдеді.

SpaceX компаниясының ресми мәлімдемесінде бұл бастаманың мақсаты болашақ технологияларын жасап жатқан кәсіпорынның үлесін келесі ұрпаққа да беру екені айтылған.

«SpaceX болашақтың инфрақұрылымын қалыптастырып, Жерден тыс жерде өмір сүру мүмкіндігін жасауды көздейді. Осындай технологияларды әзірлейтін компанияның үлесі болашақ ұрпаққа да тиесілі болуы керек деп санаймыз» деп жазылған компания хабарламасында.

Маск акцияларды беру мерзіміне қатысты да мәлімет жариялады. SpaceX компаниясының өз атынан бөлінетін акциялары 2026 жылдың желтоқсанында үлестіріле бастайды. Ал кәсіпкердің жеке акциялары 2027 жылғы маусымда оларды беруге қатысты шектеу мерзімі аяқталғаннан кейін табысталмақ.

Мәліметке сүйенсек, 2026 жылғы қазан айында Trump Accounts бағдарламасы аясында шамамен 70 миллион шот ашылған. SpaceX акцияларының 25 қарашадағы сауда қорытындысы бойынша бір акциясының құны 127,44 доллар болған. Осы баға бойынша екі акцияның құны бір балаға 254,88 долларды құрайды. Ал 70 миллион балаға берілетін акциялардың жалпы нарықтық құны шамамен 17,8 миллиард долларға жетуі мүмкін. Бұл — акциялардың сол күнгі бағасына негізделген есеп.

Trump Accounts бағдарламасы 2026 жылғы 1 қазаннан бастап іске қосылды

Айта кетейік, Trump Accounts — АҚШ-та 18 жасқа толмаған балаларға қаржыны ерте жастан жинақтап, инвестициялауға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама. . Бағдарламаға әлеуметтік сақтандыру нөмірі бар және тиісті талаптарға сай келетін балалар қатыса алады. Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қаңтар мен 2028 жылғы 31 желтоқсан аралығында дүниеге келген АҚШ азаматтарына мемлекет тарапынан бір рет 1000 доллар көлемінде бастапқы жарна қарастырылған. Ата-аналары немесе қамқоршылары балалардың шоттарын белсендіруі қажет.

Масктың бұл бастамасы SpaceX басшылығының қайырымдылық жобаларымен де байланысты. Бұған дейін компания президенті әрі операциялық директоры Гвинн Шотвелл мен оның жұбайы Trump Accounts бағдарламасына қатысатын екі миллионнан астам балаға SpaceX акцияларын сыйға тартуға уәде берген болатын.

Компанияның бұл қадамы технологиялық алпауыттардың байлығын қоғам игілігіне бағыттау мәселесі қызу талқыланып жатқан кезеңде жарияланды. Мәселен, жасанды интеллект саласындағы Anthropic компаниясы өз акцияларының 5 пайызын қоғамдық игілікке арналған арнайы қорға бөлетінін хабарлаған. Ал Маск компания акцияларын халыққа тікелей үлестіруді жөн санайды.

Бұған дейін америкалық миллиардер Илон Маск Шығыс Қазақстан тауындағы бес адамның құтқарылуына қатысты пікір білдірген болатын.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.