KZ
RU KZ

Аяқтан шалу ма?: Ердоғанның басты қарсыласы Экрем Имамоғлының дипломы жарамсыз деп танылды

Түркияда жоғары білімсіз президенттікке үміткер болу мүмкін емес. Экрем Имамоғлы сот шешіміне қарсы шағым түсірді.

Экрем Имамоғлы мен Режеп Тайип Ердоған
Экрем Имамоғлы мен Режеп Тайип Ердоған Фото: Шетелдік БАҚ-тардан

Түркияның жоғары әкімшілік соты Стамбұл қаласының бұрынғы мэрі Экрем Имамоғлының жоғары білім туралы дипломын жарамсыз деп тану жөніндегі шешімді күшінде қалдырды. 

Бұл туралы NTV телеарнасы хабарлады. Экрем Имамоғлы сот шешіміне қарсы шағым түсіргенімен, Мемлекеттік кеңестің сегізінші әкімшілік палатасы оның өтінішін қанағаттандырмады. Сот саясаткердің 1990 жылы Солтүстік Кипрдегі Гирне америкалық университетінен Стамбұл университетіне ауысуы кезінде заңбұзушылық болған деген қорытындыға келген.

Ал бұрынғы әкім бұл шешіммен келіспейді. Оның айтуынша, ол университетке ауысу үшін қажетті барлық құжатты тапсырған және заңнама талаптарын толық орындаған. Имамоғлы университет әкімшілігі жіберген ықтимал қателіктер үшін студентті жауапқа тартуға болмайтынын алға тартқан. Алайда сот оның уәжін қабылдамады.

Бұл Экрем Имамоғлының алдағы саяси мансабына елеулі әсер етеді

Дипломның жарамсыз деп танылуы Экрем Имамоғлының алдағы саяси мансабына елеулі әсер етуі мүмкін. Себебі Түркия Конституциясына сәйкес, президенттікке үміткер адамның жоғары білімі болуы міндетті. Демек, дипломның күшін жою оның президенттік сайлауға қатысуына құқықтық кедергі келтіруі ықтимал.

Айта кетейік, Экрем Имамоғлы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның басты саяси қарсыластарының бірі саналады. Ол 2019 жылы Стамбұл қаласының мэрі болып сайланып, 2024 жылғы жергілікті сайлауда бұл қызметке қайта сайланған. Оның жеңісі оппозициялық Республикалық халық партиясының (CHP) саяси ықпалын арттырған маңызды оқиға.

Бұрынғы мэр сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс бойынша жеті айдан астам уақыттан бері қамауда отыр. Имамоғлы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, қылмыстық қудалауды саяси астары бар әрекет деп санайды.

Оған тыңшылық жасады деген айып та тағылған

Бұдан шамамен бір ай бұрын оған шетелдік мемлекеттердің пайдасына тыңшылық жасады деген айып та тағылған. Осы іске байланысты ол үш сағатқа жуық жауап берген.

Оппозиция өкілдері мен билікті сынайтындар Имамоғлының қамауға алынғанын және оған қатысты сот процестерін оппозицияның ықпалын әлсіретуге бағытталған әрекет деп бағалайды. Ал билік өкілдері мұндай айыптауларды жоққа шығарып келеді.

Осылай Экрем Имамоғлының дипломына қатысты сот шешімі Түркиядағы саяси ахуалға тағы бір өзгеріс енгізуі мүмкін. Оның алдағы президенттік сайлауға қатысу мүмкіндігі енді осы даудың құқықтық тұрғыда қалай аяқталатынына байланысты.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.