Мехикода Димаш Құдайбергенді жанкүйер қыз сахнада бас салып сүйіп алды
Әлемге танымал қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің Мехикодағы концертінде күтпеген жағдай болды. Көрермендер арасынан шыққан жанкүйерлердің бірі әншіні құшақтап, сүйіп алды.
Бұл сәт сахна артындағы үлкен экраннан көрсетіліп, әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. Оқиға желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Бірі болған жағдайды әзілге айналдырса, енді бірі көрермен әрекетін әншінің жеке кеңістігіне қол сұғу деп бағалады.
Оқиға Димаш Құдайберген әйгілі «Bésame mucho» әнін орындап жатқан кезде болған. Әнші көрермендерге жақындағанда, жанкүйерлердің бірі күтпеген жерден оны құшақтап, ерніне жабыса кеткен. Бұл көрініс сахна артындағы үлкен экраннан ірі планда көрсетілді.
Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерге тарап кетті. Threads желісіндегі жарияланымдардың бірін ғана 114 мыңнан астам адам көрген.
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі жағдайға әзілмен қарап, әннің атауын жанкүйер тура мағынасында түсінгенін жазды. Испан тіліндегі «Bésame mucho» тіркесі қазақша «Мені қатты сүй» деген мағынаны білдіреді.
«Бәріміз де дәл соның орнында болғымыз келді» деп жазған жанкүйерлердің бірі.
Алайда кейбір қолданушылар қыздың әрекетін орынсыз деп санап, әншінің жеке шекарасын сақтау қажеттігін еске салды. Сондай-ақ концерт кезіндегі қауіпсіздік қызметі жұмысына да қатысты сұрақ қойылды.
«Әншінің де жеке кеңістігі болуы керегін жанкүйерлер түсінуі тиіс деп ойлаймын» деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Әзірге Димаш Құдайберген бұл жағдайға қатысты көпшілік алдында пікір білдірген жоқ.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген Мехикода 19 және 20 қараша күндері қатарынан екі концерт берді. Осылай қазақстандық әншінің DIMENSIONS атты әлемдік турнесінің Мексикадағы кезеңі аяқталды. Екі концерт те Palacio de los Deportes спорт сарайында өтті. Алғашқы концертке билет сатылым бастала салысымен толық сатылып кеткен.
Мексикадағы алғашқы концерттің тағы бір ерекше сәті — жанкүйерлердің Димашқа тосынсый жасауы болды. Олар әншіге оны тәрбиелеп өсірген атасының суреті бейнеленген тұмар сыйлаған. Димаш сыйлықты сол жерде мойнына тағып, сахнада өнерін жалғастырған.
Әншінің Мексикадағы өнері жергілікті көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырды. Ал әлеуметтік желіде тараған сүйісу оқиғасы концерттен кейінгі ең көп талқыланған сәттердің біріне айналды.

