86 мектеп, 200-ге жуық балабақша және 30-дан астам наразы есепші: Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінде не болып жатыр?
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтерия қызметкерлері басшылықтың іс әрекетіне наразылық білдіріп бірқатар заңбұзушылықтарды атап өтті.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтерия қызметкерлері басшылықтың кадрлық шешімдеріне, еңбекақы төлеу тәртібіне және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалануға қатысты бірқатар күмәнді жайтты алға тартты. 86 мектеп пен 200-ге жуық балабақшаға қызмет көрсететін бухгалтерияның 30-дан астам есепшісі қалыптасқан жағдайға наразылық білдіріп отыр. ZTB тілшісі Есік қаласына барып, мәселенің мән-жайын анықтады.
Редакцияға орталықтандырылған бухгалтерияның бас бухгалтері Жанар Тұрғанбайқызы Молдыбекова мен мемлекеттік сатып алу жөніндегі маман Раушан Белгібайқызы Исқақова сонымен қатар барлық есепші сұхбат берді.
Олардың айтуынша, 2025 жылғы қарашада білім бөліміне жаңа басшы тағайындалғаннан кейін ұжымда кадрлық өзгерістер басталып, бірқатар қызметкердің жұмысына қатысты түсініспеушіліктер туындаған.

Білім бөлімінің басшысы Шолпан Шамғұнқызы Қошаханова 2025 жылғы 13 қарашадағы № 259-ж/к бұйрығымен қызметке тағайындалған.
«Басшы бұрын бірге істеген адамдарын алып келді»
Қызметкерлердің айтуынша, ұжымдағы шиеленіс қазіргі басшының Балқаш ауданында бірге жұмыс істеген Олжас Таимбетовті қызметке қабылдауынан басталған.
«Қазіргі шиеленіскен жағдайдың бәрі басшымыздың Балқаш ауданында жұмыс істеген кезінде өзімен бірге қызмет атқарған Олжас Таимбетовті алып келуінен басталды. Ол Балқашта бас есепші болған. Бізде қыс мезгілінде төрт ай жұмыс істеп, басшының атынан құжаттарға қол қойып отырды. Жазда вахталық жұмысқа кетті де, қарашада қайта келді. Бізде осының бәрін растайтын айғақтар бар», — дейді бухгалтерия қызметкері.
Ұжымдық өтінішке сәйкес, Таимбетов 2025 жылғы 8 желтоқсандағы № 158-ж/к бұйрығымен бухгалтер болып қабылданған. Қызметкерлер оның бөлім басшысының күйеу баласы екенін және оған 1,5 штаттық бірлік берілгенін айтады.

«Ол шамамен бес ай жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында оған 1,5 штаттық бірлік көлемінде жүктеме берілген. Бірақ біз оның нақты қандай жұмыс атқарғанын білмейміз. Сондықтан оған есептелген еңбекақының атқарған жұмысына қаншалықты сәйкес келетініне күмәніміз бар», — дейді есепшілер.
Олардың мәліметінше, Таимбетов кейін басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен кеткен. Алайда қарашада қайта келіп, төлем құжаттарына қол қоюға қатысты жұмыстарды атқарған болуы мүмкін.
Қызметкерлер оның қайта қабылданғаны туралы бұйрықты және мұндай өкілеттік берілгенін растайтын құжаттарды көрмегендерін айтады.
Бос орын болмаса, тағы бір маманды қалай қабылдаған?
Бухгалтерия қызметкерлері мемлекеттік сатып алу саласындағы кадрлық шешімдерге де күмән келтіреді.

Олардың айтуынша, 2026 жылғы қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алу жөніндегі маман Раушан Исқақованың қызметтік міндеттерін орындауына қатысты кедергілер туындаған.
Ал 16 сәуірде осы қызметке Гүлнәр Еділбаева 0,5 штаттық бірлікпен қабылданған. Қызметкерлер оның да бөлім басшысымен Балқаш ауданында бірге жұмыс істегенін айтады.
«Сәуір айында басшымыз Балқашта бірге жұмыс істеген мемлекеттік сатып алу жөніндегі маманды біздің қызметкердің орнына ешкімге ескертпестен жұмысқа қабылдады. Оған мемлекеттік сатып алу порталына кіруге рұқсат берілген. Біз заңгерге жүгінгеннен кейін әлгі қызды екі күннен соң жұмыстан босатты. Мұның бәріне қатысты қолымызда дәлелдер бар», — дейді есепші.
Қызметкерлердің сөзінше, штат кестесінде мемлекеттік сатып алу маманына бір ғана орын қарастырылған. Сондықтан олар жаңа қызметкердің қандай негізде қабылданғанын және порталға қолжетімділік қалай берілгенін тексеруді сұрайды.
Есепші мен заңгердің біліктілігі де сұрақ тудырған
Ұжым өкілдері тағы бірнеше кадрлық тағайындауға назар аударды. Олардың мәліметінше, 2026 жылғы сәуірде есепші болып қабылданған Ә. Ж мамандығы — халықаралық қатынастар. Ол шамамен үш айдан кейін жұмыстан кеткен.
Ал қыркүйекте бухгалтерияға қабылданған Г. К мамандығы информатика пәнінің мұғалімі болған. Қызметкерлердің айтуынша, ол жеті күннен кейін өз еркімен жұмыстан шыққан.
Сонымен қатар 2026 жылғы 6 сәуірде М. І 0,5 штаттық бірлікке заңгер болып қабылданған. Алайда есепшілер оның жұмыс орнында болмағанын және нақты қандай міндет атқарғаны белгісіз екенін алға тартады.
Қызметкерлер бұл адамдардың біліктілігі, атқарған жұмысы және төленген еңбекақының негізділігі тексерілуі тиіс деп санайды.
Бейнені көруБасшының электрондық қолтаңбасын кім пайдаланған?
Ұжымдық өтініштегі маңызды мәселелердің бірі — электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану тәртібі.
Қызметкерлердің мәліметінше, 2026 жылғы наурызда бөлім басшысының ЭЦҚ-сы қайта шығарылған. Кейін бас есепшінің материалдық бөлім жөніндегі орынбасары Ақмарал Қаранаеваға басшы атынан белгілі бір операцияларды орындау мүмкіндігі берілген болуы ықтимал.
Бейнені көру«Ол өзінің жеке ЭЦҚ-сын пайдаланып жүр ме, әлде басшының электрондық қолтаңбасын қолдана ма? Егер оған арнайы өкілеттік берілсе, оны растайтын құжаттар қайда? Заң бойынша ЭЦҚ-ның жабық кілтін басқа адамға беруге болмайды. Сондықтан біз мемлекеттік сатып алу порталындағы операциялар тарихын, құжаттарға нақты кім қол қойғанын және өкілеттіктердің қандай негізде берілгенін жан-жақты тексеруді талап етеміз», — дейді бухгалтерия қызметкерлері.
Олар электрондық жүйелерге кімнің қандай негізде қол жеткізгенін анықтауды сұрайды.
Бас есепшіні жұмыстан босатпақ па?
Ұжымдық өтініште бас бухгалтер Жанар Молдыбековаға қызметінен босатылуы мүмкін екені туралы хабарлама жіберілгені де айтылған.
Қызметкерлер бұл шешімнің заңды негіздері бар-жоғын тексеруді талап етеді. Алайда оны жұмыстан босату туралы түпкілікті шешім әзірге белгісіз.
«Бір есепші 500-ден астам адамның жалақысын есептейді»
Есепшілер кадрлық мәселелермен қатар, орталықтандырылған бухгалтериялардың жұмыс жүктемесіне қатысты жүйелі мәселені де көтерді.
Олардың айтуынша, бір штаттық бірлікке қанша мектеп, қанша қызметкер және қандай көлемде қаржылық жұмыс бекітілуі керектігін айқындайтын бірыңғай норматив жоқ.
«Бұл тек біздің ауданның мәселесі емес. Қазақстанның барлық аудандары мен облыстарындағы орталықтандырылған бухгалтерия қызметкерлерін алаңдататын жағдай. Басқа мамандықтарда нақты жүктеме нормалары бар. Бірақ есепшілерге қатысты бұндай норма нақты көрсетілмеген. Біз қолданыстағы нормативтік құжаттардан да, „Әділет“ жүйесінен де мұндай бірыңғай норманы таба алмадық», — дейді есепші.
Қызметкерлердің сөзінше, бір бухгалтер бірнеше мектепке жауап беріп, кейде 500-ден астам қызметкердің жалақысын, салықтары мен міндетті ұсталымдарын есептейді. Ал мемлекеттік сатып алу жөніндегі бір маманға жылына екі мыңнан астам келісімшартпен жұмыс істеуге тура келуі мүмкін.
«Біз жұмыс істеуден қашып отырған жоқпыз. Бірақ әр бухгалтерге қанша мектеп, қанша қызметкер және қандай көлемде жұмыс жүктелуі керектігі нақты белгіленсе дейміз. Бір адам жүздеген қызметкердің жалақысын есептеп отырғанда, екінші адамға 1,5 ставка қандай негізде берілгенін сұрауға құқылымыз. Жұмыс көлемі мен еңбекақы әділ бөлінуі керек», — дейді бухгалтерия қызметкері.
Есепшілер нені талап етеді?
Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің бухгалтерия қызметкерлері құзырлы органдардан кадрлық тағайындауларды, штаттық жүктемелерді, еңбекақы төлеу құжаттарын және электрондық қолтаңбаны пайдалану тәртібін тексеруді талап етіп отыр.
Сонымен қатар олар орталықтандырылған бухгалтерия қызметкерлерінің жұмыс көлемін реттейтін бірыңғай норматив әзірлеу қажет деп санайды.
Бейнені көруҰжым өкілдерінің негізгі талабы — бөлімдегі кадрлық және қаржылық шешімдерге объективті құқықтық баға беру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және жұмыс жүктемесін әділ бөлу.
Әзірге аталған жайттар қызметкерлердің мәлімдемелері мен ұжымдық өтінішке негізделген. Олардың қаншалықты заңды екені тиісті тексеру нәтижесінде анықталуы тиіс.
"Бір калькулятор — 12 мың, бір күрек — 20 мың теңге": білім бөлімі басшысы Шолпан Қошаханова есепшілердің шағымына жауап берді
Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысы бухгалтерия қызметкерлерінің наразылығына қатысты өз ұстанымын білдірді. Ол кадрлық өзгерістерді еңбек тәртібін реттеу және мемлекеттік қаржының жұмсалуын бақылау қажеттілігімен түсіндірді.
«Біздің аудан үлкен. 86 мектебіміз, 30 мемлекеттік және 146 жекеменшік балабақшамыз бар. Олардың әрқайсысының жұмысына мен жауап беремін. Сондықтан жұмысты ретке келтіру, әділдік орнату мақсатында осындай шараларды қолға алдым», — дейді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, мекемеде кадр тұрақсыздығы байқалады. Жұмысқа қабылданған кейбір мамандар бір-екі айдан кейін қызметінен кетіп қалады.
«Қажетті мамандар келеді. Бірақ бір-екі ай жұмыс істеп, қайта кетіп қалады. Нақты себебін білмеймін. Кейбір қызметкерлер жұмыс тәртібін сақтамайды, маған ескертпестен жұмыс орнынан кетіп қалады. Бұл мәселе білім басқармасында да көтерілді», — деді ол.
Басшы қызметкерлердің қосымша жұмыс орындары мен штаттық жүктемесіне қатысты да мәселелер анықталғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бір қызметкердің басқа мемлекеттік мекемеде толық штаттық бірлікпен жұмыс істейтіні белгілі болған.
«Осыған байланысты жұмыс орнын босату туралы хабарлама бердім. Кейін ол қызметкер он күнге еңбекке жарамсыздық парағын ашып, қайта жұмысқа келді», — деді басшы.
Сонымен қатар бөлім басшысы мемлекеттік сатып алу кезінде тауар бағаларына қатысты күмәнді жайттарды байқағанын айтты.
«Жыл басында бюджет бекітіледі, жоспарлау жүргізіледі. Бірақ мемлекеттік сатып алумен айналысатын мамандар маған тікелей бағынбайды. Кейін тауарлардың бағасына қатысты сұрақ туындады. Мысалы, бір калькулятордың бағасы 12 мың теңге, бір күректің бағасы 20 мың теңге болып көрсетілген. Мұны бухгалтерлер де көріп отыр. Осы жағдайлардан кейін тиісті органдарға жүгінуге мәжбүр болдым», — деді ол.
Бөлім басшысының айтуынша, аталған жайттарға қатысты прокуратураға да ақпарат жолданған.
Басшы есепшілердің штаттық жүктемесіне қатысты шағымдарға да жауап берді
«Тарификация бойынша бухгалтерлердің барлығы дерлік 1,5 ставкамен отыр. Оның сыртынан қосымша жүктеме алып отырғандар бар. Кейбірінің жүктемесі екі ставкаға дейін жетеді. Екі ставка дегеніміз — күніне 16 сағаттық жұмыс. Ал қалыпты жұмыс күні сегіз сағат. Мен ешкімнің заңды құқығын бұзып отырған жоқпын. Тарификация бойынша кімге қанша ставка тиесілі болса, сол сақталады», — деді бөлім басшысы.
Ол қабылдаған шешімдерін мемлекеттік қаржының жұмсалуын бақылау, еңбек тәртібін сақтау және білім беру ұйымдарының жұмысын жүйелеу мақсатымен байланыстырды.
Дегенмен қызметкерлер көтерген кадрлық тағайындаулардың заңдылығы, электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану және еңбекақы төлеу тәртібіне қатысты мәселелер құзырлы органдар тарапынан қосымша тексеруді қажет етеді.
Редакция осы мәселені назарда ұстайды.
Еске салар болсақ, Еңбекшіқазақ ауданындағы дәл осы білім бөліміне қарасты 80 мектепке шаруашылық тауарларын сатып алуға бөлінген бюджет қаражаты жыл басынан бері әлі таратылмаған. Бұдан бөлек, біз 2026 жылдың мамыр айынан бері шамамен 20 мектептің қоқысы шығарылмай отырғандығын жазған болатынбыз.
Барлық материалдар

