KZ
RU KZ

Миллионер Рақышев Украинадағы БТА банкін сатты

Қаржы ұйымының жаңа иесі — Украинаның NOVA тобына кіретін NovaPay Invest компаниясы.

Кеңес Рақышев
Кеңес Рақышев Фото: Кеңес Рақышевтің парақшасынан

Қазақстандық миллионер Кеңес Рақышевқа тиесілі Fincraft Group компаниясы құрамындағы «БТА Банк» Украинадағы аттас банк капиталынан шықты. NOVA тобы мәміленің аяқталғанын ресми түрде жариялап, банктің атауын NovaBank деп өзгертетінін мәлімдеді.

Қазақстандық «БТА Банк» активтеріндегі өзгеріс туралы ақпаратты Қаржылық есептілік депозитарийіне (ҚЕД) жариялады. Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 16 қарашада қазақстандық банк Украинадағы аттас қаржы ұйымындағы үлесіне иелік етуді тоқтатқан. Нәтижесінде оның қатысу үлесі 0 пайызға дейін төмендеген. Осы орайда NOVA тобы мәміленің толық аяқталғанын ресми түрде хабарлады.

Олар банкті сату құнын жариялаған жоқ. 2026 жылдың қазан айында Fincraft Group та мәміле бағасы мен коммерциялық шарт құпиялылығын алға тартып, нақты айтудан бас тартқан. Кеңес Рақышев 2020 жылдан бері  Украинадағы банк активінен шығуға талпынып келеді.  Бұл жолы мәміле сәтті аяқталды. 

Еске салсақ, Кеңес Рақышев 2014 жылы қазақстандық «БТА Банктің» негізгі акционерлерінің біріне айналған еді. Сол кезде ол «Қазкоммерцбанкпен» бірге «Самұрық-Қазына» қорынан қаржы ұйымының 46,5 пайыз акциясын сатып алды.

2016 жылдың ақпанында Рақышев пен «Қазкоммерцбанк» негізін қалаушы Нұржан Сұбханбердин өздеріне тиесілі БТА Банк акцияларын Қазкоммерцбанктен сатып алды. Ал 2017 жылдың маусымында Рақышев Сұбханбердиннің үлесін де иеленіп, банктегі қатысу үлесін 97,79 пайызға жеткізді.

Қазақстандық БТА Банк 2015 жылы банктік лицензиясынан айырылғаннан кейін, топ активтерді басқару және проблемалық қарыздарды қайтару жұмыстарына басымдық берді. Сонымен қатар шетелдегі банк бизнесінен біртіндеп шыға бастады.

Forbes журналының бағалауынша, Кеңес Рақышевтің байлығы 402 миллион доллар. Ол Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер рейтингінде 27-орында тұр.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.