KZ
RU KZ

Қарағанды облысында көлік жүргізген әйел оқушы қызды қағып өлтіріп, оқиға орнынан кетіп қалған

17 қазан күні кешке Қарағанды облысының Петровка кентінде 14 жастағы қыз үйіне қайтып келе жатып, жолдан өтпек болған кезде оны көлік қағып кеткен. Оқушы оқиға орнында көз жұмды.

Жол апаты
Жол апаты ЖИ көмегімен жасалған

Куәгердің айтуынша, қызды қаққан көлік оқиға орнынан кетіп қалған. Бұны көріп қойған көршісі көліктің соңынан қуып жетіп, мемлекеттік тіркеу нөмірін жазып алып, мәліметті полицияға берген. Кейін көлік иесі оқиға орнына қайта оралған.

Әйел оқиға орнынан қашуға тырыспағанын айтады. Оның сөзінше, көлік ішінде үш жасар немересі болған. Жол апатынан кейін бала қатты шошып, жылап, өз-өзін ұстай алмай қалғандықтан, ол кетуге мәжбүр болған. Шамамен жарты сағаттан кейін оқиға орнына қайта оралғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ жүргізуші көлікті сағатына шамамен 50 шақырым жылдамдықпен басқарғанын, ал қыздың жолды белгіленбеген жерден кесіп өткенін айтты.

Полиция адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Автокөлік айыптұраққа қойылды.

Қазіргі уақытта көліктің нақты жылдамдығын анықтау және жүргізушінің соқтығысудың алдын алуға мүмкіндігі болған-болмағанын тексеру үшін сараптамалар тағайындалды. Қорытынды алынғаннан кейін процестік шешім қабылданады.

Қаза тапқан оқушының туыстары көлік жүргізген әйелді жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.