KZ
RU KZ

Ташкентте астан уланған жас футболшылар: қылмыстық іс қозғалды

Елшілік Өзбекстан тарапы жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын нақтылады.

Аурухана
Аурухана Фото: Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің мәліметінше, ем қабылдап, денсаулығы жақсарған 10 адам (алты бала және төрт ересек) ауруханадан шығарылды.

Қалған сегіз қазақстандық (алты бала және екі ересек) Ташкент қаласындағы медициналық мекемелерде ем қабылдауын жалғастырып жатыр. Олардың жағдайы тұрақты деп бағалануда.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің көмегімен 13 азаматымыз елге оралған.

«Спорттық жарыстарға қатысу үшін Ташкентке барған 95 қазақстандықтың 12-сі Өзбекстан аумағында қалып отыр. Олардың сегізі, бұған дейін хабарланғандай, әлі де ем қабылдап жатыр» деп хабарлады елшілік.

 

Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олим Омоновтың, Ташкент қаласы әкімінің орынбасары Дурдона Рахимованың және Ташкент қалалық денсаулық сақтау бас басқармасының басшысы Ботир Исабековтың тікелей қатысуымен Қазақстан азаматтарын емдеуге қажетті жағдайлар жасалды.

«Жағдай Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшісі Ералы Тоғжановтың тұрақты бақылауында. Елшінің қатысуымен дәрігерлер ауруханада қалған пациенттердің жағдайы бойынша консилиум өткізді. Дәрігерлер жас футболшылардың денсаулық жағдайында оң динамика байқалып отырғанын айтады. Ішек инфекциясы қоздырғыштарын анықтау мақсатында жүргізілген ПТР әдісі бойынша зерттеулердің түпкілікті нәтижелері бүгін кешке дайын болады» деп мәлімдеді елшілік.

Еске салсақ, Өзбекстанда Қазақстаннан барған жас футболшылардың жаппай улану себебі анықталып жатыр. 

Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылық және қоғамдық денсаулық комитетінің мамандары футбол делегациясы мүшелері тұтынған тағам қалдықтарын алып, зертханалық сараптамаға жолдады. Тексеру қорытындысы дайын болған соң жарияланады.

Ташкент қаласы Шыланзар ауданы прокуратурасының мәліметінше, Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 276-13-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Аталған бап санитарлық заңнама талаптарын немесе эпидемияға қарсы күрес қағидаларын бұзуға қатысты.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, жарысқа қатысу үшін келген 200 бала мен оларды ертіп жүрген өкілдер Ташкенттегі қонақүйлердің бірінен таңғы ас ішкен. Оларға таңғы асқа жартылай фабрикаттар — жұмыртқа мен шұжық (сосиски) берілген. Сол күні олардың 13-інде жүрек айну, іш өту, іштің ауыруы және дене қызуының көтерілуі сияқты симптомдар байқалған.

Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету мақсатында олар Эпидемиология, микробиология, жұқпалы және паразитарлық аурулар республикалық мамандандырылған ғылыми-тәжірибелік орталығына жеткізілді.

Қазіргі уақытта Шыланзар аудандық Ішкі істер органдары үйлестіру басқармасы жанындағы тергеу бөлімі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

 

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.