Қызметтік міндетін атқару кезінде жол апатына түскен полиция қызметкері қаза тапты
4 қарашада ауруханада қызметтік міндетін атқару кезінде жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен полиция капитаны Данияр Таев көз жұмды.
Қызметкердің қайтыс болғаны туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Жол апаты 3 қарашада Астана — Петропавл тасжолында болған. Патрульдік полиция қызметкері жол жөндеу жұмыстарына тартылған арнайы техниканы алып жүру кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.
«Алдын ала мәлімет бойынша, JAC автокөлігінің жүргізушісі жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, полицияның қызметтік көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан қызметкер ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, оны аман алып қалу мүмкін болмады» деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.
JAC автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу басталды.


