Өзбекстанда уланған 11 қазақстандық жас футболшы Ташкент ауруханасында ем қабылдап жатыр
Өзбекстанда өткен Dostlik Cup халықаралық футбол фестиваліне қатысқан қазақстандық балалар мен ересектер жаппай уланып, медициналық көмекке жүгінген еді, деп хабарлайды ZTB.
Қазіргі уақытта олардың 11-і, оның ішінде жас футболшылар, дәрігерлердің бақылауында. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіп жатыр.
Қазақстан елшілігі өкілдері улану белгілерімен ауруханаға түскен отандастарымыздың жағдайын білу үшін медициналық мекемеге барған. Консул Сәкен Пердебеков зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетуде.
Елшіліктің мәліметінше, барлығы 19 адам медициналық көмекке жүгінген. Қазір олардың 17-сі Ташкент қаласындағы № 5 қалалық клиникалық инфекциялық ауруханада ем қабылдап жатыр. Олардың арасында 11 бала және алты ересек адам бар.
«Зардап шеккендердің барлығының жағдайы тұрақты. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр» деп хабарлады Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі.
Еске салсақ, футбол фестиваліне Қарағанды облысынынан 60 бала барған еді.Оқиғаның егжей-тегжейін 2 қарашада Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева жариялады.
Оның айтуынша, Өзбекстанда өткен Dostlik Cup халықаралық футбол фестиваліне Қарағанды облысынан 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған.
Қазіргі уақытта 11 бала Ташкент ауруханасында дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Динара Закиева Өзбекстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденеймен және команданың бас бапкерімен тұрақты байланыста екенін жеткізді. Жағдайды Өзбекстанның денсаулық сақтау министрі де бақылауына алған.
Оның мәліметінше, ауруханаға жатқызылған балалар толық сауығып шыққанша Өзбекстанда болады. Ал сапарға қатысқан қалған балалар, ата-аналар мен жаттықтырушылар 2 қарашада Қазақстанға қайтты.
Екі елдің денсаулық сақтау органдары жағдайды бақылауда ұстап отыр
Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету мәселесі Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың және Өзбекстан Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Отабек Имамовтың жеке бақылауына алынған.
Көмек көрсету жұмыстарына Ташкент медициналық университетінің мамандары, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері және басқа да бейінді сарапшылар тартылған.
Қазіргі уақытта зардап шеккендердің денсаулығын бақылау және қажетті ем-дом шараларын жүргізу жалғасып жатыр. Қазақстандық дипломаттар зардап шеккен балалардың туыстарымен байланысқа шыққан. ҚР СІМ жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

