KZ
RU KZ

Алматы маңында полицейлер көлікке оқ атты: рөлде жасөспірім болған

Әлеуметтік желілерде полицейлердің көлік дөңгелегіне оқ атқан сәті түсірілген видео тарағаннан кейін Алматы облыстық полиция департаменті оқиғаның мән-жайын хабарлады.

Жасөспірім
Жасөспірім ZTB. ЖИ иллюстрация

Белгілі болғандай, оқиға Іле ауданына қарасты Жайнақ ауылында болған. Полиция мәліметінше, көлік тізгінінде кәмелетке толмаған жасөспірім отырған. Тәртіп сақшылары тоқтауды талап еткенімен, ол бағынбай, қозғалысын жалғастырған.

Полицияның мәлімдеуінше, жасөспірім жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген. Осыған байланысты қызметкерлер көлік дөңгелегіне оқ атқан.

«Көлікті мәжбүрлі түрде тоқтату үшін полицейлер табельдік қару қолданып, көлік дөңгелегіне оқ атты. Осыдан кейін көлік тоқтатылып, ұсталды» деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаменті.

Оқиғадан кейін жасөспірімнің әкесі бала тәрбиелеу жөніндегі міндетін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Қазір полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Оқ ату оқиғасы туралы не белгілі?

Бұған дейін әлеуметтік желілерде екі полицейдің көлікті тоқтатуға тырысқан сәті түсірілген видео тараған еді. Жазбада төрт рет оқ атылғаны естіледі. Алайда жүргізуші қозғалысын тоқтатпаған. Көлікті ұстаған сәт бейнежазбаға түспеген.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.