KZ
RU KZ

Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алуда отандық өнімге басымдық беруді қатаң тапсырды

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов 2026 жылғы 17 қарашада Үкімет отырысында мемлекеттік сатып алу кезінде қазақстандық өнімдерге басымдық беру қажеттігін атап өтті.

Отандық өнім
Отандық өнім Фото: Depositphotos.com

Үкімет басшысы бюджет қаражаты ең алдымен отандық кәсіпорындарды қолдауға бағытталуы керектігін айтты. Оның пікірінше, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар сатып алатын тауарлар мен материалдар мүмкіндігінше Қазақстанда өндірілуі тиіс.

Оның айтуынша, елімізде қажетті тауарлар өндіріліп жатса, оларды шетелден сатып алу мемлекеттің мүддесіне қайшы келеді.

«Бюджет қаражаты қазақстандық компанияларға бағытталуы керек, ал сол қаражатқа сатып алынатын тауарлар мен материалдар отандық өндіріс болуы қажет. Бұл бәріміз ұстануға тиіс өте қарапайым қағида. Қазақстандық өнім бола тұра оны отандық өндірушіден алмай, шетелден сатып алу мемлекеттің мүддесіне қайшы келеді. Бұл туралы нақты әрі қатаң айтуымыз керек. Үкімет мүшелері мен өңір басшыларына осыны ескеруді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр отандық өндірісті дамыту мен ішкі нарықты қорғау Үкіметтің экономикалық саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты. 

Үкімет жоспарына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда жалпы құны шамамен 1,7 трлн теңге болатын 200-ге жуық жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылуы тиіс. Ол үшін отандық зауыттар мен фабрикаларға тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру, қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету және әділ бәсекелестікке жағдай жасау міндеті қойылып отыр.

Жеңілдетілген қаржыландыру қолданылады

Үкімет отырысында Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жетілдіру мәселесі де қаралды. Жыл басынан бері бұл тізілімге 2,7 мыңға жуық кәсіпорынның өндірістік қызметі расталып, 70 мыңнан астам тауар түрі енгізілген.

Аталған тізілім мемлекеттік сатып алуда, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында, сондай-ақ жеңілдетілген қаржыландыру ұсыну кезінде қолданылмақ.

Осыған байланысты Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне кәсіпорындардан түскен өтініштер мен ұсыныстарды ескере отырып, тізілімді жетілдіруді және оны мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларымен ықпалдастыруды тапсырды. Бұл отандық кәсіпорындардың нақты өндірістік мүмкіндіктерін интернет арқылы тексеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, үш ай ішінде өндірушілерді тізілімге енгізу рәсімін мемлекеттік қызмет форматына көшіру қажет. Өтінімдерді қарау мерзімдері де нақты белгіленуі тиіс.

Отандық өндірушілермен жасалатын келісімшарт көлемін арттыру

Премьер-министр қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарт пен офтейк-келісім жасасу аясын кеңейтуді тапсырды.

Офтейк-келісімшарт дегеніміз — кәсіпорын өндірген немесе болашақта өндіретін өнімді алдын ала келісілген шарт бойынша сатып алуға кепілдік беретін ұзақ мерзімді келісім. Мұндай тетік кәсіпорындарға өндірісті кеңейтуге, жаңа өнім түрлерін игеруге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Кәсіпорынға жаңа өнімнің өткізілуіне ұзақ мерзімді келісімшарт арқылы кепілдік беретін офтейк-келісімдер тетігін кеңінен пайдалану қажет. Бұл шығарылатын өнім түрлерін көбейтуге, қазақстандық шикізатты терең өңдеуге, өндірістік құзыретті арттыруға және жаңа технологияны игеруге мүмкіндік береді», — деді Олжас Бектенов.

Жыл соңына дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, Қаржы министрлігіне және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік сатып алу саласындағы кедергілерді жою және қазақстандық өндірушілермен жасалатын келісімшарт көлемін арттыру тапсырылды.

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен бірлесіп, қандай тауарларды жергілікті кәсіпорындардан сатып алуға болатынын және олардың қажетті көлемін анықтауы керек.

Жүк көліктерін шығару жолға қойылады

Үкімет отырысында импортты алмастыру және халықаралық жүк көлігі брендтері өндірісін Қазақстанда жергіліктендіру мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Қазір елімізде HOWO, SITRAK және Scania маркалы жүк тартқыш көліктері шығады. Ендігі міндет олардың қосалқы бөлшектері мен құрамдас бөліктерін Қазақстанда өндіру үлесін арттыру.

Сонымен қатар жыл соңына дейін Алматыда Volvo маркалы жүк тартқыш көліктерін шығару жоспарланып отыр. Mercedes компаниясымен де келіссөздер жүргізілуде.

«Қазақстанның логистикалық әлеуетін дамыту және отандық тасымалдаушылар автопаркін жаңарту үшін халықаралық ауыр жүк көлігі брендтерінің өндірісін жергіліктендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. HOWO, SITRAK және Scania жүк тартқыштарын шығару игерілді. Қазір олардың құрамдас бөлшектерін жергіліктендіру деңгейін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жыл соңына дейін Алматыда Volvo жүк тартқыштарын шығару жоспарланған. Mercedes компаниясымен келіссөз жүріп жатыр. Бұл жобалар уақтылы жүзеге асырылып, іске қосылуы керек», — деді премьер-министр.

Осыған байланысты Көлік министрлігіне халықаралық тасымалмен айналысатын кәсіпорындардың отандық жүк көліктеріне сұранысын арттыру тапсырылды. Бұл бағытта жеңілдетілген лизинг тетіктерін кеңейту көзделіп отыр.

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі импортты алмастырудың басым бағыттарын анықтап, тиісті өндірістерді Қазақстанда орналастыру бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасына отандық өндірушілер тартылады

Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасы да қазақстандық кәсіпорындарды қолдаудың маңызды тетігіне айналуы керегін айтты. Аталған бағдарламаға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған.

Қазіргі уақытта отандық өндірушілер құрылыс материалдарына деген ішкі сұраныстың орта есеппен 73 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Үкімет осы мүмкіндікті пайдаланып, бағдарлама аясындағы жобаларға жергілікті кәсіпорындарды барынша тартуды көздейді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне әкімдіктермен, «Бәйтерек» холдингімен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қазақстандық кәсіпорындардың бағдарламаға қатысуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Жобаларды әзірлеу кезінде отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген өнімдерді ескеру, құрылыс материалдары мен жабдықтарға деген сұранысты алдын ала жариялау және өндіріс көлемін ұлғайтуға қажетті қаржыландыру мәселесін қарастыру қажет.

Премьер-министр мысал ретінде энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны атады. Оның аясында 106 жобалық-сметалық құжаттама бойынша қажетті материалдар мен жабдықтардың көлемі анықталған.

Ал «Халықтық құрылыс» бағдарламасының орындалуын жалпы үйлестіру міндеті премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді. Осылай Үкімет мемлекеттік сатып алуды отандық өндірісті ынталандырудың негізгі құралдарының біріне айналдыруды көздеп отыр. 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.