«Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан»: Петропавлдағы үш қолды баннер мемге айналды
Петропавл қаласында отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы орнатылған әлеуметтік баннер көпшіліктің талқысына түсіп, мемге айналды.
Алайда қоғам назарын маңызды мәселе — тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес емес, жарнамадағы түсініксіз бейнеленген үш қолы бар ата-ана аударды. Әлеуметтік желі қолданушылары мұны байқап, жарнаманың дизайнына қатысты түрлі пікір білдіріп, әзілге айналдырды.
Оқиғаның суретін Петропавл қаласының тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде жариялаған. Оның айтуынша, құрылым Ульянов көшесіндегі № 59 және № 61 үйлердің арасындағы аумақта орналасқан. «Қазақстан — отбасындағы зорлық-зомбылықсыз ел» деген жазуы бар баннерде ер адам, әйел және бала бейнеленген. Бірақ суреттегі ересектердің әрқайсысында үш қолдың болуы көпшіліктің назарынан тыс қалмады.
Желі қолданушылары әлеуметтік жарнаманың көркемдік шешіміне күмән келтіріп, мұндай маңызды тақырыпқа арналған материалдың сапалы әрі түсінікті жасалуы керектігін жазды. Өйткені отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған әлеуметтік жарнаманың басты мақсаты — қоғамға нақты үндеу жеткізу, мәселенің маңызын түсіндіру және зардап шеккен адамдарға көмек бар екенін көрсету.
Петропавл қаласының әкімдігі жағдайға түсініктеме берді. Жергілікті биліктің мәліметінше, суреттегі қосымша қолдар дизайнердің қателігінен емес, арнайы ойластырылған көркемдік шешім болған. Автордың тұжырымдамасы бойынша, олар отбасының қорғанышын, қамқорлығын және бірнеше міндетті қатар атқара алуын бейнелеуі тиіс болған...
Дегенмен әкімдік бұл идеяның қоғамда екіұшты қабылданғанын мойындады. Осыған байланысты даулы баннерді алып тастап, орнына жаңасын орнату туралы шешім қабылдаған.
Бір назар аударарлығы, баннер биыл қыркүйек айында ашылған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының маңына қойылған.
Еліміздегі әлеуметтік баннерлердің сапасына қатысты сын алғаш рет айтылып отырған жоқ. Биыл Алматыда да осындай бірнеше оқиға қоғам назарын аударған.
Мәселен, 2026 жылғы шілдеде Алматыдағы Бостандық ауданы әкімдігі ғимаратының жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумағына орнатылған баннер әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Онда қазақтың белгілі «Еңлік-Кебек» мозаикасының бейнесі дұрыс берілмеген. Желі қолданушылары суреттің жасанды интеллект көмегімен өзгертілген болуы мүмкін екенін айтып, түпнұсқамен салыстырған. Кейін аудан әкімдігі баннердегі қателік мердігер ұйымның баспаханада жіберген олқылығынан болғанын түсіндіріп, қате бейнеленген нұсқаның ауыстырылғанын хабарлады.
Бұған қоса, Алматыда Шоқан Уәлихановқа арналған баннердегі қазақша мәтіннен де көптеген қате табылған. Бұл жағдай да әлеуметтік желіде сынға ұшырап, баннердің жасанды интеллект көмегімен әзірленіп, кейін тиісті тексеруден өтпеген болуы мүмкін деген болжамдар айтылған.
Әлеуметтік желілер тек мәтінге ғана емес, суретке де назар аударды. Кейбір пайдаланушылар Уәлихановтың портретінде олардың пікірінше тарихи шындыққа сәйкес келмейтін бас киім бейнеленгенін атап өтті.
«Қай ұлттың бас киімін кигізіп қойған? Қазақтар бұндай бас киім кимеген. Бұл үшін айыппұл салу керек», — деп жазды darkhannwr атты пайдаланушы.
Көптеген пікір білдірушілер баннер жасанды интеллект арқылы жасалды деп болжады.
«Егер ЖИ арқылы жасалған болса, қазақшасында міндетті түрде қате болады, тіпті оны шығарар алдында түзетпеген де» деп жазды liazat353 атты пайдаланушы.
Пікір жазғандардың кейбірі баннерді орнатқан жауаптыларды жазалауды, тіпті айыппұл салып, жұмыстан босатуды талап етті.
Петропавлдағы соңғы оқиға да қоғамдық маңызы бар әлеуметтік жарнамаларды әзірлеу кезінде мазмұн мен көркемдік сапаға бірдей мән беру қажеттігін көрсетті. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылық — жай ғана жарнамалық ұранмен шектелетін мәселе емес. Мұндай құралдар қоғамға дұрыс ой жеткізіп, көмекке мұқтаж адамдарға нақты қолдау бар екенін ұғындыруы керек.
Ал әзірге үш қолды отбасы бейнеленген баннердің орнына қандай сурет орнатылатыны белгісіз.

