Қазақстанда статистикалық деректерді жасанды интеллект арқылы алуға мүмкіндік беретін AI TALDAU іске қосылды
AI TALDAU жаңартылған «Талдау» ақпараттық-талдамалық жүйесінің құрамында жұмыс істейді.
Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы ресми статистикалық ақпаратты іздеу мен талдауды жеңілдететін AI TALDAU жасанды интеллект көмекшісін іске қосты. Енді азаматтар, кәсіпкерлер, журналистер мен зерттеушілер қажетті мәліметтерді ұзақ уақыт іздемей-ақ, жүйеге қарапайым сұрақ қою арқылы ала алады.
Жаңа құрал деректерді салыстыруға, өңірлер арасындағы айырмашылықтарды анықтауға және экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштердің өзгеру динамикасын бақылауға мүмкіндік береді.
Оның басты ерекшелігі — статистикалық ақпаратты диалог форматында ұсынуы. Жасанды интеллект қойылған сұраққа сәйкес ресми статистикалық деректерді тауып, оларды салыстырады, көрсеткіштердің өзгеру барысын көрсетіп, негізгі үрдістерді анықтауға көмектеседі.
Жауаптар кесте, график, диаграмма және талдамалық материалдар түрінде ұсынылады. Егер берілген ақпарат жеткіліксіз болса, пайдаланушы бастапқы сұрағын нақтылап, қосымша мәліметтер ала алады. Мысалы, жалпы Қазақстан бойынша алынған көрсеткіштерді белгілі бір облыс, қала немесе уақыт кезеңі бойынша жеке қарастыруға мүмкіндік бар.
Тағы бір ерекшелігі — жүйе қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Бұл оны тек мемлекеттік органдар мен отандық зерттеушілер ғана емес, Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік жағдайына қызығушылық танытатын шетелдік мамандар үшін де қолжетімді етеді. Дайын материалдарды PDF, Word, PowerPoint және Excel форматтарында сақтауға болады.
Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, жаңа жүйе статистикалық ақпаратты іздеуге кететін уақытты едәуір қысқартады.
«AI TALDAU көмегімен бірнеше сағат жұмсап іздейтін ақпаратты енді бірнеше секундта алуға болады. Сұрақ қойсаңыз жеткілікті, жүйе жарияланған ресми деректер негізінде жауап ұсынады. Мен бұл жобаны ұлттық статистиканы дамытудың перспективалы бағыттарының бірі деп санаймын. Біз ресми статистиканың әрбір адамға қолжетімді әрі түсінікті болуына, ал технологиялардың уақытты үнемдеуге және сапалы ақпарат негізінде шешім қабылдауға көмектесуіне ұмтылуымыз керек», — деді ол.
Жаңа платформаның іске қосылуы әсіресе журналистер, экономистер, кәсіпкерлер мен зерттеушілер үшін пайдалы болуы мүмкін. Мәселен, журналистер өңірлердегі жалақы, жұмыссыздық, халық саны немесе баға өзгерісі туралы мәліметтерді салыстырып, материал дайындау уақытын қысқарта алады. Кәсіпкерлер белгілі бір өңірдегі халық санының өсуін, экономикалық белсенділікті және басқа да көрсеткіштерді зерттеп, бизнес-жоспар әзірлеу кезінде пайдалана алады. Ал зерттеушілер ұзақ мерзімді статистикалық үрдістерді талдауға мүмкіндік алады.


