KZ
RU KZ

Электр станциялары мен жылу желілерін жөндеуге 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді

Қазақстандағы электр станцияларында 2026 жылы тоғыз энергоблокты, 55 қазандық пен 51 турбинаны жөндеу жоспарланған.

Электр станциялары
Электр станциялары Фото: Энергетика министрлігі

Жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы көлемі 27 пайызға артты. Қазіргі уақытта сегіз энергоблок, 49 қазандық және 37 турбина жөндеуден өтті. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, еліміздің энергия көздерінде қажетті жабдықтар қоры қамтамасыз етілген. Қалған жөндеу жұмыстары резервтік жабдықтарда жүргізіліп жатыр және жылу беру маусымының қалыпты өтуіне әсер етпейді.

Өңірлік электр желілері компанияларының электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырым болатын электр беру желілері мен 444 қосалқы станция жөнделді. Бұл жоспарланған жұмыстардың 100 пайызына тең. Сонымен қатар 377 шақырым жылу желісін жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Ерлан Ақкенженов жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі орта есеппен 27 пайызға ұлғайғанын атап өтті. Атап айтқанда, электр станцияларын жөндеуге 384 млрд теңге, электр желілеріне 393 млрд теңге, ал жылу желілеріне 198 млрд теңге бағытталған.

«Осының нәтижесінде электр станцияларындағы жабдықтардың тозу деңгейі 52 пайызға, электр және жылу желілеріндегі тозу көрсеткіші тиісінше 65,7 және 48 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар технологиялық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 6 пайызға азайды. Ең жоғары төмендеу электр станцияларында тіркеліп, бұл көрсеткіш 8 пайыз болды», — деді министр.

2026 жылдың алғашқы 10 айында Қазақстанда 102 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,3 пайызға жоғары.

Алдағы күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясына түсетін ең жоғары жүктеме 18 200 МВт болады деп болжанып отыр. Бұл өткен жылыту маусымындағы ең жоғары көрсеткіштен 3 пайызға артық.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында көрші мемлекеттерден электр энергиясын сатып алу және импорттау тәсілдерін сынға алған болатын. Сондай-ақ ол  Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа электр қуатын өндіру нысандарын пайдалануға беру мерзімдерінің бұзылғанын да атап өтті.

 

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.