Батыс Қазақстанда АИТВ диагнозы қойылған 10 адам іздестіріліп жатыр
Олардың қазіргі уақытта қайда екені белгісіз. Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері де қатыстырылып отыр.
Ведомствоның мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында өңірде АИТВ (ВИЧ) жұқтырудың 44 жаңа жағдайы анықталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азайған түрі. Себебі 2025 жылдың тоғыз айында 55 адамнан инфекция табылған екен.
Қазіргі жағдай бойынша облыста АИТВ жұқтырған 755 адам диспансерлік есепте тұр. Биыл олардың үшеуі қайтыс болған. Былтыр төрт адам осы ауру зардабынан көз жұмған.
Сонымен қатар дәрігерлердің тұрақты бақылауында АИТВ жұқтырған 11 жүкті әйел де бар. Олардың алтауы босанып үлгерді. Ал өткен жылы осы есепте тұрған 13 жүкті әйелдің тоғызы сәби сүйген.
Биыл өңірде бес жастағы баладан да АИТВ анықталған. Эпидемиологиялық тексеру барысында инфекцияның балаға анасынан берілгені анықталды.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, облыста медициналық көмек көрсету, қан құю немесе стоматологиялық емшаралар кезінде АИТВ жұқтыру деректері тіркелмеген.


