Тоқаев ҰҚШҰ саммитіне қатысу үшін Мәскеуге барды
Мемлекет басшысы 11 қарашада өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына қатысады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қараша күні Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мәскеу әуежайында Қазақстан президентін Ресей үкіметінің ресми өкілдері қарсы алды.
Саммит Ресейдің ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында ұйымдастырылып отыр. Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелерін, ұжымдық қорғаныс жүйесін жетілдіру жолдарын және қазіргі қауіп-қатерлерге бірлесіп әрекет ету тетіктерін талқылайды. Отырысты Ресей президенті Владимир Путин жүргізеді.
Кремльдің алдын ала мәліметіне сәйкес, саммит барысында ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, әскери ынтымақтастықты нығайту, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін дамыту және ұйымның ұжымдық авиациялық күштері әлеуетін арттыру мәселелері қаралады. Сонымен қатар халықаралық және өңірлік ахуалға қатысты пікір алмасу жоспарланған.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар көпжақты құжатқа қол қойылуы мүмкін. Олардың ішінде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қорытынды декларациясы және 2030 жылға дейінгі ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы күрес стратегиясы бар. Бұл құжат ұйымға қатысушы елдердің терроризм қатеріне қарсы бірлескен іс-қимылын үйлестіруге бағытталған.
Саммит қарсаңында, 10 қарашада Мәскеуде ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы өтті. Жиында халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке төнетін қатерлер, ұйымның бірлескен жұмысының нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған басым бағыттар талқыланды. Сондай-ақ мемлекет басшыларының отырысына ұсынылатын құжаттар топтамасы келісілді.
Тағы бір маңызды мәселе — ұйымға төрағалықтың ауысуы. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық ету Ресейден Тәжікстанға өтеді деп жоспарланып отыр. Осыған байланысты Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон алдағы төрағалық кезеңіндегі елінің басым бағыттарын таныстыруы тиіс.
Айта кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы 1992 жылы құрылған. Қазіргі уақытта оның құрамына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения кіреді. Ұйымның негізгі мақсаты — мүше мемлекеттердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әскери-саяси ынтымақтастықты дамыту.


